700-ден астам астаналықтар жаңа жылдық марафонға қатысты
Жексенбінің таңында қала тұрғындары Триатлон саябағында 5 шақырым қашықтықты бағындырды.
Бұқаралық спорттың арасында танымалдылыққа ие жүгіруден 2025 жылдың қорытынды жүгірісі ұйымдастырылды. Сынап бағанасы -20 градусты көрсетсе де 700-ден астам қатысушы қатысуға ниет білдірді.
«Астанадағы спорт — жетістіктер мен медальдар ғана емес, сонымен бірге тұрғындардың денсаулығы, өмір сапасы және елдің абыройы. Соның ішінде жүгіру — қолжетімді әрі мезгіл таңдамайтын спорт. Оның дәлелі, бүгінгі жаңа жылдық спорттық шарамызға келген азаматтарымыз дәлел. Салауатты өмір салтын ұстанатын жандарға алғысымызды айтамыз», — деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Усербай.
2025 жылдың көрсеткіші бойынша елордада тұрақты түрде спортпен айналысатын халықтың саны 42%-ды құрайды (670 мыңнан астам адам). Биыл 877 бұқаралық-спорттық іс-шаралар өткізіліп, 1 миллионға жуық тұрғын қамтылған.
Жүгіріске жиналған қатысушылардың ең жасы 8-де және ең егдесі 92 жаста болды.
«Бүгін менің туған күнім. 92 жасқа толып жатырмын. Осындай айтулы сәтте Астана қаласының жаңа жылдық жүгірісіне қатысуға бел байладым. 5 шақырымды 45 минутта жүгірдім. Бұған дейін Almaty және Turkistan marathon-ында 10 шақырым қашықтықты 1 сағат 40 минутта бағындырған едім. Кейінгі жылдары басым солқылдап ауыратындықтан, 88 жасымда скандинавиялық жүріске бет бұрдым. Барлық жастарға көлікпен жүруді азайтып, күнделікті кемінде 5 шақырым жүруге кеңес беремін. Әйтпесе отыра беріп, денсеулықтарыңызды құртасыздар. Спортты көріп қана қоймай, өз іс-әрекеттеріңізбен айналаңызды өзгертуге тырысыңыздар. Барлықтарыңызды келе жатқан жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын!», — деді 92 жастағы Салиха Зигангерова.
Шара соңында қатысушыларға ыстық шай мен арнайы жаңа жылдық сыйлық беріліп, лотерея арқылы теледидар, тоңазытқыш секілді тұрмыстық техникаларға ие болды.



