Халық несиеге өмір сүріп жатыр: Қазақстанда соңғы 5 жылда баға 75%-ға өскен
Ең қымбат өңірлер қатарында Маңғыстау, Қарағанды облыстары және Астана бар

Қазақстанда инфляция соңғы бес жылда өмір сүру құны шамамен 75%-ға өсті. Бұл халықтың өмір салтына тікелей әсер етті. Көбі әдеттегі шығындардан бас тартуға, демалысты кейінге қалдыруға және несиеге өмір сүруге мәжбүр болып отыр, деп хабарлайды NewsMedia.kz Kursivmedia-ға сілтеме жасап.
Energyprom.kz дерегінше, 2022 жылдың соңынан бері баға 33,9%-ға қымбаттаған. Ал 2020 жылмен салыстырғанда өсім 74,7%-ға жеткен. Яғни соңғы бес жылда қазақстандықтар бұрынғы өмірі үшін шамамен екі есе көп төлеуге мәжбүр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Халық жалақысының бәрін тамақ пен жолақыға жұмсап отыр
Инфляция ең қатты сезілетін аймақтар
Ең қымбат өңірлер қатарында Маңғыстау, Қарағанды облыстары және Астана бар, бұл аймақтарда инфляция 80%-дан асты. Сарапшылардың айтуынша, тіпті салыстырмалы түрде тұрақты өңірлерде де бағаның өсуі жалақының артуынан әлдеқашан озып кеткен.
Қызметтер – бюджетке негізгі салмақ
Егер бұрын инфляцияны негізінен азық-түлік қалыптастырса, қазір басты ауыртпалықты ақылы қызметтер түсіріп отыр. Соңғы үш жылда олардың бағасы 42,7%-ға өскен.
Медицина ең қымбат шығындардың біріне айналды, мәселен, дәрігер қабылдауы соңғы бес жылда екі есеге жуық қымбаттады. Коммуналдық қызметтер 42%-дан астам, балалар үйірмелері мен секциялары шамамен 36%, ал бұрын қолжетімді саналған фастфуд тағамдардың өзі 37%-ға қымбаттаған.
Демалысқа кететін шығын көлемі өсті
Туризм саласында баға рекордтық деңгейде өсті. Түркияға жолдамалар мен Дубайдағы демалыс құны шамамен үш есе қымбаттаған. Тіпті Қазақстандағы демалыс үйлерінің бағасы 66,7%-ға өсті. Соның салдарынан көптеген отбасы үшін демалыс жыл өткен сайын қолжетімсіз болып барады.
Киім, көлік және күнделікті шығындар
Бұдан бөлек киім-кешек алу да барған сайын қалтаға айтарлықтай салмақ салуда, соңғы бес жылда аяқкиім бағасы 76,7%-ға, ал киім 65,3%-ға қымбаттаған. Автокөлік ұстау шығындары да артты, ол 68,5%-ға өскен.
Қазақстандағы инфляция күнделікті өмір салтын түбегейлі өзгертіп жатыр. Көп адам барынша үнемдеу мен несиеге жүгіну арасында таңдау жасауға мәжбүр. Бұл таңдау уақытша шара емес, қалыпты жағдайға айналып барады.
Коллаж: Canva



