30 қаңтарда Конституциялық комиссияның келесі отырысы өтеді
Отырыстың уақыты қосымша хабарланады

Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова 30 қаңтарда Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның келесі отырысы өтетінін мәлім етті, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Бүгін көптеген баяндамада мәтін жобасына қатысты мазмұнды ұсыныстар айтылды. Оларды комиссия жұмысы аясында қарастыру және келісілген ұстанымдарды әзірлеу қажет деп санаймын. Сондықтан бүгінгі талқылау нәтижесі бойынша айтылған ұсыныстарды ескере отырып, пысықталған жобаның мәтіні әзірленетін болады. Конституциялық комиссияның келесі отырысы 30 қаңтарда өтеді. Отырыстың уақытын қосымша хабарлаймыз, — деді Э. Әзімова.
Айта кетейік, бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның (Конституциялық комиссия) кезекті отырысы өтті.
Ал өткен аптада Конституциялық комиссияның алғашқы отырысы өтіп, бір палаталы «Құрылтайдың» функциясы мен құрамы, вице-президент лауазымының мемлекеттік биліктегі орны, заң шығару бастамасын көтеруге хақылы «Халық кеңесінің» құзыреті қандай болатыны айтылған еді.
Фото: Конституциялық сот



