Жамбыл облысында әйел екі баласын 5-қабаттан лақтырып жіберген
Оқиғаға дейін әйел мен оның жұбайы арасында жанжал шыққан

Жамбыл облысында әйел екі баласын көпқабатты тұрғын үйдің 5-қабатының терезесінен лақтырып жіберген, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Қайғылы оқиға қаланың Төле би даңғылындағы жатақханалардың бірінде болған.
Тергеу деректеріне қарағанда, 36 жастағы әйел өз үйінде отырып, 2021 жылы туған қызын және 2023 жылы туған ұлын 5-қабаттың терезесінен кезек-кезек лақтырып жіберген.
Дегенмен екі бала да тірі қалып, жедел түрде Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер екіеуінде көптеген жарақат барын анықтады. Қазір балалар жансақтау бөлімінде жатыр.
Оқиғаға дейін әйел мен оның жұбайы арасында жанжал шыққан. Кикілжіңнен кейін ер адам үйден шығып кеткен.
Сондай-ақ әйел соңғы жылдары қатты бас ауруынан зардап шеккені белгілі болды. Күйзеліске түскен сәтте ол алдымен қызын, кейін ұлын терезеден лақтырған. Өзі де секірмек болған, алайда соңғы сәтте тоқтаған.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі («Екі немесе одан да көп жасөспірімді өлтіруге оқталу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сонымен қатар күдіктінің жұбайы бұрын психиатриялық есепте тұрғаны туралы ақпарат бар.
Фото: Depositphotos.com/nicoletaionescu



