Қостанай облысы әкімінің орынбасары тергеліп жатыр
Оның есімі бұған дейін де өңірдегі денсаулық сақтау саласын дүр сілкіндірген ірі жемқорлық ісімен байланыстырылған болатын

ҰҚК Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаға қатысты тергеу амалы басталғанын ресми растады деп хабарлайды NewsMedia.kz.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қостанай облысындағы ауыл мектебінде оқушылар сабақты дірдектеп оқуға мәжбүр
Ол не үшін тергеліп жатыр?
Бұған дейін кейбір ақпарат көздері шенеуніктің ұсталғанын хабарлаған еді. Мұсағазинаның есімі бұған дейін де өңірдегі денсаулық сақтау саласын дүр сілкіндірген ірі жемқорлық ісімен байланыстырылған болатын.
Аталған іс бойынша Қостанай облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Жандаев, оның орынбасары Ерболат Доспанов және Қарасу аудандық ауруханасының бас дәрігері Владимир Голубев ұсталған.
Тергеу бұларға мемлекеттік емхана мен ауруханаларға медициналық жабдықтарды сатып алу барысында ірі көлемде пара алды және бюджет қаржысын талан-таражға салды деген айып тағуда.
Қостанай облысының прокуратурасы бұған дейін осы іске байланысты қазынаға 2 миллиард теңгеден астам шығын келгенін мәлімдеген. Тергеу материалында медициналық мекемелерге нарықта сұранысы жоқ құрал-жабдықтар бірнеше есе қымбат бағаға сатып алынып, бюджет қаржысы мақсатсыз жұмсалғаны айтылған.
Белгілі болғандай, облыс әкімінің орынбасарына қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ таңдалған. Қостанайлық БАҚ-тың хабарлауынша, журналистер көшеден көлемі айтарлықтай үлкен зәулім үйді көрсеткен. Сенімді деректерге сәйкес, Мұсағазина сол үйде тұрады және алдағы уақытты аяғына тағылған арнайы электронды білезікпен сонда өткізеді.
Қазір облыс әкімінің орынбасары Мұсағазинаның ісі бойынша материалдар Қостанай қаласының тергеу сотына жолданған. Тергеу жалғасып жатыр.
Гүлбарам Мұсағазина туралы
Гүлбарам Ғизатқызы Мұсағазинаның жоғары білімі бар. 1997 жылы Қостанай ауыл шаруашылығы институтын АӨК экономика және менеджмент мамандығы бойынша, 2003 жылы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін Құқықтану мамандығы бойынша, 2020 жылы М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін экономика мамандығы бойынша (экономика ғылымдарының магистрі) тәмамдаған.
Еңбек жолын 1997 жылдың тамыз айынан бастап Қостанай облысы Жітіқара ауданының салық бөлімінің салық инспекторы болып бастады.
1999 жылдың қаңтарынан 2000 жылдың қазанына дейін Қостанай облысы Жітіқара ауданы Забеловка ауылының «Забеловка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің есеп үстелінің бухгалтері болып жұмыс істеді.
2000 жылғы қазаннан 2010 жылғы қаңтарға дейін Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің Қостанай облысы бойынша Қаржылық бақылау инспекциясының әртүрлі лауазымдарында жұмыс істеді.
2010 жылғы қаңтардан 2012 жылғы маусымға дейін Бас прокуратура Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау департаментінің аға прокуроры қызметін атқарды.
2012 жылғы маусымнан 2019 жылғы сәуірге дейін – Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қостанай облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы қызметін атқарды.
2019 жылдың сәуірден 2024 жылғы шілдеге дейін – Қостанай облысы әкімдігінің Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.
2024 жылғы шілде айынан бастап қазіргі уақытқа дейін – Қостанай облысы әкімінің орынбасары.
Фото: gov.kz



