Қазақстанда қайтарылған мүлік бюджетке қанша табыс әкелді
50,5 миллиард теңге ел бойынша әлеуметтік маңызы бар және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады

Қазақстанда қайтарылған активтерді сатудан мемлекеттік бюджетке 4,3 миллиард теңге, ал арнайы мемлекеттік қорға 50,5 миллиард теңге түсті, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
“Қайтарылған активтерді басқару компаниясы” ЖШС мәліметінше, ұйым өз қызметі аясында қайтарылған активтерді іске асырудан түскен қаражатты арнайы мемлекеттік қорға аударумен қатар, бюджетке де елеулі салық түсімдерін қамтамасыз етіп отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша компания мемлекеттік бюджетке 4,3 миллиард теңге көлемінде салық төлеген. Көрсеткіш қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің алғыс хатымен ресми түрде атап өтілген.
Арнайы мемлекеттік қорға түскен 50,5 миллиард теңге ел бойынша әлеуметтік маңызы бар және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады.
Бұған дейін компания электронды сауда арқылы сатылымға шығарылған ерекше лоттар туралы хабарлаған еді. Олардың қатарында құны 150 миллион теңге болатын элиталық қол сағаттары да бар.



