«Жақ сүйегі мен мұрнын сындырған»: Қорғаныс министрлігі сарбаздың ауруханадағы ВИДЕОСЫН жариялады
Дәрігердің айтуынша, сарбаз бір ай ішінде ауруханадан шығады

Қорғаныс министрлігі Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімде жарақат алған сарбаз Есбол Қапардың денсаулығына қатысты ресми ақпарат таратты, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Жақ сүйегі мен мұрнын сындырған»: Отардағы әскери бөлімде сарбаз соққыға жығылды
Министрліктің мәліметінше, әскери бөлімде жарғы талабына сай емес әрекеттердің салдарынан жарақат алған мерзімді қызметтің әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Есбол Қапардың хәлі жақсарып келеді. Қазір ол Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің Әскери-клиникалық госпиталінде оңалту курсынан өтіп жатыр.
Ауруханаға түскен сәтте оның жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық деп бағаланды. Госпитальге жатқызылған сарбазды емдеу толық көлемде жүргізілуде. Қазіргі кезде оның хәлі жақсарғаны байқалады. Психологиялық жағдайы да тұрақты, шайнау және ауыз ашу функциялары да жақсарып келеді. Жақында бекітуші шиналары алынады. Сарбаз физиотерапия, дәрумендік терапия, жалпы нығайтушы ем және емдік-дене шынықтыру сабақтарынан өтіп жатыр. Алдағы уақытқа гипербариялық оксигенация сеанстары жоспарланған. Оңалту кезеңі аяқталған соң, әскери-дәрігерлік комиссиядан өтеді, – деді Әскери-клиникалық госпитальдің жақсүйек-бет хирургиясы бөлімшесінің бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Владислав Мусатов.
Дәрігердің айтуынша, сарбаз бір ай ішінде ауруханадан шығады. Толық сауығуы үшін оған сырқатына байланысты демалыс беріледі. Жазылған соң өз әскери бөлімінде қызметін жалғастырады.
Естеріңізге салайық, Жамбыл облысындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер арасында жанжал шығып, бір сарбаздың төменгі жақ сүйегі сынған болатын. Осы факті бойынша Гвардейск гарнизонының әскери полициясы қылмыстық іс қозғады.
Қорғаныс министрлігі бұл іске қатысы бар адамдардың, оған қоса оқиғаның жай-жапсарын жоғары қолбасшылыққа дер кезінде баяндамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда олқылық жіберген әскери бөлімнің лауазымды қызметкерлерінің әрекетіне жан-жақты құқықтық баға берілетінін атап өтті. Бұған қоса, бірқатар лауазымды тұлға қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттетілген.



