Жаңалықтар

Нұрәлі Әлиевтің «Құдайдың вибрациясы» туралы сөздері желіде қызу талқыланып жатыр

Ол махаббат және адамның ішкі күйі туралы айтып, шараның саяси астары жоқ екенін ерекше атап өткен

Алматы тұрғындары тауда таңды қарсы алып, Горельник шатқалында шомылып, Қазақстанның тұңғыш Президентінің жиен немересі Нұралы Әлиевпен «саналы болу» тақырыбында пікір алмасты, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

NewTimes.kz-тің жазуынша, кездесу таңертең басталып, қатысушылар күннің шығуын бірге қарсы алған. Кейін бейресми форматта әңгіме жалғасқан. Әлиев руханият, махаббат және адамның ішкі күйі туралы айтып, шараның саяси астары жоқ екенін ерекше атап өткен.

Мұнда ешқандай саясат жоқ, бұл тек руханият туралы. Бүгін осы ойлармен бөліскім келеді, — деді ол.

Алайда әлеуметтік желі қолданушылары оның саяси мансабын еске алып, мұндай мәлімдемені тосын қабылдады. Пікір білдірушілер Әлиевтің бұрын мемлекеттік қызметтер атқарғанын, оның ішінде Астана әкімінің орынбасары болғанын, сондай-ақ саясатта өзін сынап көргенін еске салды.

Кездесу барысында Әлиев махаббатты «Құдайдың вибрациясы» деп атап, адам өзін жан ретінде танығанда шынайы бақыт пен Жаратқанмен бірлікті сезінетінін айтқан. Сондай-ақ ол Spark of Light жобасының философиясын Абайдың идеяларымен ұқсастырып, қазіргі білім беру жүйесін сынға алған. Оның пікірінше, мектептер мен жоғары оқу орындарында «қалай дұрыс өмір сүру керектігі» үйретілмейді.

Желіде кейбір қолданушылар бұл мәлімдемелерге алаңдаушылық білдірді. Пікірлерде марқұм Айсұлтан Назарбаевтың өмірінің соңғы кезеңінде руханият, магия және түрлі резонансты мәлімдемелер жасағаны еске алынды. Енді ұқсас тақырыптарға тағы бір туысының қызығушылық танытуы қоғамда түрлі сұрақ туғызған.

Өз кезегінде Нұралы Әлиев руханиятқа бет бұруын жеке трагедиямен байланыстырған. Оның айтуынша, жақын адамынан айырылу өміріндегі бетбұрыс сәт болған.

Айта кетейік, Нұралы Әлиев — Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі. 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін экс-президенттің отбасы мүшелері қоғамдық кеңістікте сирек көріне бастаған.

Фото: видеодан скриншот

Басқа жаңалықтар

Back to top button