«…Ешқашан өзгермейді»: Назарбаев референдумда өз таңдауын жасады
Ол Мемлекет басшысы өкілеттігінен осыдан жеті жыл бұрын өз еркімен кеткенін еске салды

Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға қатысты республикалық референдумда өз таңдауын жасады, деп хабарлайды NewsMedia.
Экс-президент дауыс беруге Астана қаласындағы “Астана Опера” театры аумағында орналасқан сайлау учаскесіне келіп, бюллетень арқылы таңдау жасаған.
Экс-президенттің ресми сайтының мәліметінше, дауыс беруден кейін Нұрсұлтан Назарбаев елде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға қатысты өз пікірін білдірді.
Тұңғыш Президент Мемлекет басшысы өкілеттігінен осыдан жеті жыл бұрын өз еркімен кеткенін еске салды. Оның айтуынша, бұл шешім елдің тұрақты дамуы мен билік сабақтастығы жалғасуы үшін қабылданған.
Уақыт тоқтамайды. Буын алмасады. Әр буын Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға өз үлесін қосуы тиіс. Біздің заман өкілдері тәуелсіздікті жариялап, шекараны белгілеп, елорданы тұрғызу арқылы өз міндетін орындады деп есептеймін. Қазір Қазақстанды одан әрі нығайтып, оның беделін көтеру қажет. Бұл бағытта аз жұмыс істеліп жатқан жоқ, соның ішінде мен қолдап отырған бүгінгі референдумның да маңызы зор. Өз уақытында мен Қасым-Жомарт Тоқаевқа таңдау жасадым және бұл таңдауым ешқашан өзгермейді. Осы Конституция Қазақстанымыздың игілігіне, халқымыздың берекесіне қызмет етсін деп тілеймін, — деп түйіндеді сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.
Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, ел бойынша дауыс беру учаскелері таңғы сағат 07:00-де ашылып, кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Кейбір учаскелер, негізінен әскери бөлімдерде орналасқандары, сағат 06:00-ден бастап жұмысын бастаған. Ал шетелдегі қазақстандықтар үшін дауыс беру Жапония мен Оңтүстік Кореяда жергілікті уақыт бойынша өтіп жатыр.
Референдум бюллетенінде бір ғана сұрақ ұсынылған: азаматтар 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдай ма деген мәселе. Дауыс берушілер “Иә, қабылдаймын” немесе “Жоқ, қабылдамаймын” деген екі нұсқаның бірін таңдай алады.
Референдумға 18 жасқа толған және дауыс берушілер тізіміне енгізілген Қазақстан азаматтары қатыса алады. Дауыс беру учаскелері жабылғаннан кейін бюллетеньдерді санау жұмыстары басталады.
Фото: видеодан скрин



