Танымал жұп Нұрсұлтан Орынбасаров пен Сара Рахмонова референдумға отбасымен келді
Бұл отбасы мүшелерінің әрқайсысы өз саласында жетістікке жеткен мамандар

Қазақстанда өтіп жатқан жалпыхалықтық референдумға қоғамға үлгі болып жүрген танымал жұп — Нұрсұлтан Орынбасаров пен Сара Рахмонова қатысып, өз таңдауларын жасады, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Ерлі-зайыптылар дауыс беру учаскесіне бір жасар қыздары Томириспен бірге келіп, мемлекеттік маңызы бар науқанға отбасылық қолдау көрсетті.
Бұл отбасы мүшелерінің әрқайсысы өз саласында жетістікке жеткен мамандар.
Нұрсұлтан Жұмабайұлы Орынбасаров – Алматы облыстық мәслихатының депутаты, джиу-джитсудан қара белбеу иегері. Ол джиу-джитсудан 5000-нан астам шәкірт тәрбиелеген “Sagadat Batyr” спорт клубының негізін қалаушы. Бүгінде Нұрсұлтан Орынбасаров Қорғаныс министрлігінің “Sarbaz+” жобасы аясында әскери қызметшілер мен арнайы жасақтардың жауынгерлік даярлығын арттыруға жетекшілік етіп келеді.
Ал Сара Бақтыбайқызы Рахмонова – Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкері, лейтенант. Ол қоян-қолтық ұрыстан қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы. Аралас жекпе-жектің (ММА) танымал спортшысы бүгінде құтқарушылар қатарында қызмет атқарып жүр.

Дауыс беру сәтінде ерлі-зайыптылар елдегі өзгерістердің маңыздылығына тоқталды.
Біз бүгін тек азаматтық құқығымызды пайдаланып қана қойған жоқпыз. Біз қызымыздың және барша қазақстандық жастардың жарқын болашағы үшін таңдау жасадық. Әрбір дауыс – елдің ертеңіне қосылған үлес, – деді Нұрсұлтан Орынбасаров.
Спорттағы табандылықты мемлекеттік қызметтегі жауапкершілікпен ұштастырып жүрген танымал жұптың бұл қадамы жастар арасында қолдау тауып, қоғамда белсенді азаматтық ұстанымның маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
Фото: Нұрсұлтан Орынбасаровтың жеке мұрағатынан



