Жаңалықтар

Ресейде Telegram толық бұғатталуы мүмкін

Қазірдің өзінде қолданушылар сервис жұмысында түрлі ақаулар пайда болғанын айтып жатыр

Сарапшылар Ресейде мессенджерлердің жұмысын шектеуге қатысты сынақ кезеңі аяқталуға жақын екенін айтып отыр, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Бірқатар ресейлік бұқаралық ақпарат құралы «ақпараттанған дереккөздерге» сілтеме жасап, 1 сәуірден бастап Telegram мессенджері ел аумағында толықтай бұғатталуы мүмкін екенін жазды. Кей мәліметтерге сәйкес, бұл жағдайда сервис VPN арқылы да жұмыс істемеуі ықтимал.

Қазіргі уақытта қолданушылар Telegram жұмысына байланысты түрлі техникалық ақаулардың пайда болғанын айтып жатыр. Атап айтқанда, хабарламалардың кешігіп жетуі, сондай-ақ мобильді интернет арқылы файлдар мен медиа жүктеу кезінде қиындықтар байқалған.

Сарапшылардың пікірінше, ақаулардың әр өңірде және әртүрлі байланыс операторларында әрқалай көрінуі – мессенджер жұмысына қатысты шектеулердің сынақтан өткізіліп жатқанын меңзеуі мүмкін.

«Сбой.рф» сервисінің мәліметінше, соңғы күндері Telegram жұмысына қатысты шағымдар саны күрт артқан. Мәселен, 15 наурыз күні сервис жұмысына байланысты шамамен 12 мың шағым тіркелсе, 14 наурызда бұл көрсеткіш 6 мыңға жуық болған.

Ал Ресейдің байланыс саласын қадағалайтын «Роскомнадзор» ведомствосы Telegram-ды шектеу мәселесін мессенджердің Ресей заңнамасының талаптарын сақтамауымен байланыстырып отыр.

Фото: РИА Новости

Басқа жаңалықтар

Back to top button