Қазақстанда бір миллионға жуық адам кедей
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елде күнделікті тамақ алуға мүмкіндігі жоқ 51 330 адам бар

Қазақстанда кедейлік деңгейі әлі де өзекті мәселе болып отыр. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың төртінші тоқсанында елде 172 652 отбасы, яғни 988 169 адам кедейлік шегінде өмір сүрген, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Ресми әдістеме бойынша, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтар кедей санатына жатқызылады. Қазіргі есеп бойынша бұл көрсеткіш бір адамға айына 58 872 теңгеден келеді.
Өңірлер арасында кедейлік деңгейі әркелкі. Ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында тіркелген – 8,4%. Одан кейін Маңғыстау облысы – 7,9%, және Абай облысы – 7,4%.
Ал керісінше, кедейлік деңгейі ең төмен өңірлер қатарында Астана қаласы (2,6%), Қарағанды және Атырау облыстары (3,1%), сондай-ақ Алматы қаласы (3,5%) бар.
Сонымен қатар ресми деректер қоғамдағы ең осал топтардың жағдайын да көрсетеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елде күнделікті тамақ алуға мүмкіндігі жоқ 51 330 адам бар.
Фото: ашық дереккөз



