Иран Ормуз бұғазын толық жауып тастауы мүмкін
Ормуз бұғазы — әлемдік мұнай тасымалының күретамыры

Таяу Шығыстағы жағдай ушығып жатыр. Иран билігі егер АҚШ тарапынан елдің энергетикалық нысандарына шабуыл жасалса, стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазын толығымен жауып тастайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Бұл мәлімдеме Дональд Трамптың «егер бұғаз 48 сағат ішінде ашылмаса, Иранның электр станцияларын жойып жібереміз» деген сөзінен кейін жасалды. Иран мемлекеттік телеарнасы таратқан ақпаратқа сүйенсек, Тегеран қатаң позиция ұстанып отыр.
Ормуз бұғазы толық жабылады және қираған электр станцияларымыз қалпына келтірілмейінше ашылмайды, — делінген ресми мәлімдемеде.
Иран сонымен қатар Израильдің IT-инфраструктурасына және аймақтағы американдық базалары бар елдердің электр станцияларына соққы беруі мүмкін.
Ормуз бұғазы — әлемдік мұнай тасымалының күретамыры. Қазіргі таңда бұғаз арқылы өтетін кемелердің саны күрт азайған.
Күніне шамамен 20 млн баррель мұнай (әлемдік тұтынудың 20%) осы жол арқылы өтеді.
Қазіргі жағдай: Kpler сараптамалық компаниясының дерегінше, соңғы үш аптада бұғаздан кемелердің тек 5% ғана өте алған. Бұл әлемдік энергия тасымалының іс жүзінде тоқтап тұрғанын білдіреді.
Батыс елдері мен ірі экономикалық державалар (Ұлыбритания, Франция, Германия, Жапония және Канада) Таяу Шығыстағы қақтығыстарға қарамастан, Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын екендіктерін мәлімдеді.



