БілімЖаңалықтарҚоғам

Қонаевта «Таза Қазақстан» аясында экологиялық білім беру бағдарламасы іске қосылды

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тұрғындардың, әсіресе оқушылар мен жастардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған мазмұнды дәрістер жүргізілуде.

Қонаев қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында экологиялық білім беруге бағытталған маңызды іс-шаралар бастау алды. Ауқымды жоба Қазақстан Республикасы Экология министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып, «Жасыл Даму» акционерлік қоғамы мен «Қазақстан экологиялық қоры» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асырылуда, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Аталған бастама аясында тұрғындардың, әсіресе оқушылар мен жастардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған мазмұнды дәрістер циклі қолға алынды. Бағдарлама 5 модульден тұрып, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару мәдениетін қалыптастыруға негізделген. Сонымен қатар жоба шеңберінде қала мектептерінің кемінде 10 пайызы қамтылып, мұғалімдердің 10 пайызы арнайы оқытудан өтеді деп жоспарланған. Бұл өз кезегінде экологиялық білімді жүйелі түрде таратуға мүмкіндік береді.

Бірінші модульде қатты тұрмыстық қалдықтарды құрғақ және дымқыл фракцияларға бөлек жинаудың маңыздылығы кеңінен түсіндіріліп, қалдықтардың түрлері мен олардың қоршаған ортаға әсері нақты мысалдар арқылы баяндалды.

Екінші модульде қағаз, пластик, шыны және металл секілді қалдықтарды сұрыптау жолдары көрсетіліп, қайта өңдеудің тиімді тәсілдері үйретілді. Үшінші модульде қаптама түрлерінің экологиялық ізі және оларды саналы тұтыну мәселесі қозғалды. Төртінші модульде 3R қағидаты – Reduce, Reuse, Recycle ұғымдары жан-жақты түсіндіріліп, оны күнделікті өмірде қолдану жолдары ұсынылды. Бесінші модуль EcoQolday цифрлық платформасына арналды. Қатысушылар бұл жүйе арқылы қалдықтарды тапсыруды есепке алу, бақылау және экологиялық жауапкершілікті арттыру мүмкіндіктерімен танысты.

Дәрістерді тәжірибелі мамандар мен білікті тренерлер жүргізуде. Атап айтқанда, Айгүл Кадесовна, Асхат Тезекбаевич және Наиля Абилхасановна сынды лекторлар Қонаев қаласында дәрістер өткізіп, экологияны таза ұстаудың маңызын және қоршаған ортаны қорғау мәдениетін кеңінен насихаттауда.

Қазіргі таңда іс-шаралар Қонаев қаласында басталып кетті. Жоба аясында өткізілетін кездесулер мен дәрістер тұрғындарға тек теориялық білім беріп қана қоймай, экологиялық жауапкершілікті күнделікті өмірде қолдануға бағытталған нақты дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Таза Қазақстан» бастамасы – еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Мұндай шаралар халықтың табиғатқа деген жанашыр көзқарасын қалыптастырып, болашақ ұрпақ үшін таза әрі қауіпсіз орта құруға негіз болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button