Қостанай облысында тұтас бір ауыл зейнетақы мен жәрдемақысыз қалды
Ауылдағы жалғыз пошта бөлімшесі қызметкердің жұмыстан кетуіне байланысты уақытша жабылып қалған

Қостанай облысындағы бір ауыл пошта бөлімшесінің жабылуына байланысты мемлекеттік төлемдерге қол жеткізе алмай отыр, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
«Новая газета» мәліметінше, Мендіқара ауданындағы Красная Пресня ауылында шамамен 950 адам тұрады. Аудан орталығына дейінгі қашықтық – 51 шақырым. Ауылдағы жалғыз пошта бөлімшесі қызметкердің жұмыстан кетуіне байланысты уақытша жабылып қалған.
Салдарынан жергілікті тұрғындар, әсіресе, зейнеткерлер, тиесілі төлемдерін ала алмай отыр. Оларға ақшаны алу үшін аудан орталығына бару ұсынылған. Алайда ауылда қоғамдық көлік жоқ, ал такси қызметі қымбатқа түседі.
Біздің қарттар қайда барады? Такси жалдаса, бару-қайтуы 4 мың теңге болады. Зейнетақының өзі аз, әрең жетеді. Бір адам жұмыстан кеткенімен, зейнеткерлердің күтіп отырғанын бәрі біледі ғой. Бәлкім, басқа елді мекеннен келіп берер деп күттік, бірақ ешкім келген жоқ, — дейді ауыл тұрғындары.
Бұл жағдайға қатысты «Қазпошта» АҚ Қостанай облыстық филиалы пошта бөлімшесінің басшысы лауазымы бос болуына байланысты оның жұмысы уақытша тоқтағанын хабарлады.
Фото: ашық дереккөз


