Ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін
Жуырда Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Қазақстанда ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) қазіргі 85 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Үкімет бұл қадамды азаматтардың әл-ауқатын арттыру қажеттілігімен түсіндірді, алайда жаңа норманың нақты қашан енгізілетіні әзірге белгісіз, деп хабарлайды NewsMedia.kz digitalbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Мұндай өсімнің шағын бизнеске нақты әсерін Digital Business басылымы салық қауіпсіздігі бойынша сарапшы Дмитрий Казанцевпен талқылады.

«Алдымен айта кетейік, Қазақстанда шамамен екі миллионға жуық жеке кәсіпкер бар. Бұрын олар 85 мың теңге көлеміндегі ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) салық төлейтін болса, енді 150 мың теңгеден төлейді — өздері үшін де, қызметкерлері үшін де. Жасыратыны жоқ, жеке кәсіпкерлердегі қызметкерлердің басым бөлігі ең төменгі жалақы деңгейінде көрсетіледі. Яғни, базаны екі есе көтеру арқылы салық жүктемесі де кәсіпкер үшін екі есе артады.
Заң бойынша салықтың бір бөлігін қызметкер төлейді, ал бір бөлігін жұмыс беруші төлейді. Бірақ іс жүзінде шағын бизнесте барлық шығынды кәсіпкер өзі көтереді. Мен ірі корпорацияларды айтып отырған жоқпын. Сондықтан бірінші кезекте зардап шегетіндер — жеке кәсіпкерлердің өзі», — деп түсіндірді Дмитрий Казанцев.


