Құқықтық білім мен кәсіби қалыптасу: заң факультетінің мүмкіндіктері
ҚазҰУ базасында ұйымдастырылатын ғылыми жобалар мен байқаулар жас заңгерлердің ізденісін арттырып, жаңа идеяларды жүзеге асыруға жол ашады

Қазіргі қоғамда құқықтық мәдениеттің маңызы артып, білікті заңгерлерге деген сұраныс күн санап өсіп келеді. Осындай талаптарға жауап беретін сапалы білім беру ортасының бірі еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы заң факультеті. Аталған факультет тек теориялық біліммен шектелмей, студенттердің кәсіби және тұлғалық дамуына кең мүмкіндік жасайтын орта ретінде ерекшеленеді. Факультетте білім беру жүйесі заманауи талаптарға сай құрылған.
Оқу бағдарламалары құқық саласының негізгі бағыттарын қамтып, студенттердің терең әрі жан-жақты білім алуына жағдай жасайды. Азаматтық құқық, қылмыстық құқық, халықаралық құқық, конституциялық құқық секілді пәндер арқылы болашақ мамандар құқықтық жүйенің қыр-сырын меңгереді. Сонымен қатар, оқу процесінде теория мен тәжірибе ұштастырылып, кәсіби дағдыларды қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Студенттердің тәжірибелік қабілеттерін дамыту басты назарда. Университет жанындағы заң клиникасы осы бағыттағы маңызды алаңдардың бірі. Мұнда студенттер тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен нақты құқықтық мәселелер бойынша кеңес беруге қатысады.
Ғылыми бағыттағы жұмыс та қарқынды дамыған. Студенттер түрлі ғылыми конференцияларға, пікірталастарға, дөңгелек үстелдерге қатысып, өз зерттеулерін ұсынады. Дәл осындай іс-шаралар олардың сыни ойлау қабілетін дамытып, құқықтық мәселелерге терең талдау жасауға үйретеді. Университет базасында ұйымдастырылатын ғылыми жобалар мен байқаулар жас заңгерлердің ізденісін арттырып, жаңа идеяларды жүзеге асыруға жол ашады. Сонымен қатар, студенттік өмірдің белсенділігі факультет қабырғасында ерекше байқалады. Жастар түрлі қоғамдық және әлеуметтік бастамаларға қатысып, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында жұмыстар жүргізеді. Олар халыққа тегін заң көмегін көрсету акцияларына, құқықтық түсіндіру іс-шараларына белсенді қатысып, қоғаммен тікелей байланыс орнатады.Халықаралық байланыстар да кеңінен дамыған.
Студенттер академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алады. Бұл олардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті маман болуына ықпал етеді. Осындай мүмкіндіктердің арқасында түлектер тек елімізде ғана емес, шетелде де табысты қызмет атқарып жүр. Оқу процесінде кәсіби этика мен құқықтық мәдениетке ерекше мән беріледі. Болашақ заңгерлер заң нормаларын меңгерумен қатар, әділдік, адалдық және жауапкершілік қағидаттарын бойына сіңіреді.
Факультет түлектері мемлекеттік қызметте, сот және құқық қорғау органдарында, адвокатура мен нотариат саласында, сондай-ақ жеке секторда табысты еңбек етуде. Университетте алған білім мен тәжірибе олардың кәсіби жолында сенімді негіз қалыптастырады. Заң факультеті тек білім беретін орын ғана емес, кәсіби қалыптасудың маңызды кезеңі. Осындай ортада тәрбиеленген жастар құқық саласының білікті маманы ғана емес, қоғамға пайдалы, жауапкершілігі жоғары азамат ретінде қалыптасады.
Н. Қ. Мынбатырова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,
конституциялық және
әкімшілік құқық кафедрасының доценті, з.ғ.к.
Роза Толқын,
әл-Фараби атындығы ҚазҰУ,
заң факультетінің 2–курс магистранты.



