Қостанай қаласының әкімі жергілікті кәсіпкерді сотқа берген
Сот талқылауы барысында тараптар дауды медиация тәртібімен реттегені белгілі болды
Қостанай облысының экономикалық соты қала әкімінің Қостанай-Рудный бағытына қызмет көрсететін кәсіпкердің үстінен түсірген талап-арызын қарады, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Қостанай қаласының әкімі мен жеке кәсіпкер Б-ға қатысты жолаушылар мен жүкті тұрақты автомобильмен тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартты бұзу жөніндегі талап-арыз бойынша азаматтық істі қарады.
Сот талқылауы барысында тараптар дауды медиация тәртібімен реттегені белгілі болды.
Келісім шарттарына сәйкес, жеке кәсіпкер №120 Қостанай – Рудный бағыты бойынша 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін қызмет көрсетеді, – делінген сот хабарламасында.
Ал 2027 жылы 1 қаңтардан бастап келісімшарт екі тараптың келісімімен тоқтатылады.
Жауапкер сондай-ақ шарттың тоқтатылуына сот тәртібімен дау айтпауға және оның қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін талапкерге мүліктік әрі қаржылық талаптар қоймауға міндеттелді. Ал талапкер шартты бұзу туралы талабынан бас тартты, – деп нақтылады сот.
Сот келісімді бекітіп, іс бойынша өндірісті тоқтатты. Осылайша, №120 Қостанай – Рудный бағыты 2026 жылдың соңына дейін жұмысын жалғастырады.



