Қоғам

Қостанай облысында алимент төлемеген екі әке баспаналарынан айырылуы мүмкін

Ведомство ата-аналардың баласын асырау міндеті алимент бойынша қарыз толық өтелгенге дейін сақталатынын еске салды

Қостанай облысының Қарабалық ауданында балаларына алимент төлеуден ұзақ уақыт бойы жалтарған екі борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алу қолданылды. Олардың жалпы алимент қарызы 7 млн теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды NewsMedia.kz тілшісі.

Қарабалық ауданы прокуратурасының мәліметінше, бірінші борышкер кәмелетке толмаған баласына алимент төлеу міндетін ұзақ уақыт орындамаған. Соның салдарынан қарызы 3,6 млн теңгеден асып кеткен.

Баланың құқығын қорғау мақсатында прокуратура атқарушылық іс жүргізу аясында тиісті шаралар қабылдаған. Нәтижесінде 2026 жылғы 6 мамырда Қарабалық аудандық соты борышкердің Қарабалық ауылындағы тұрғын үйіне өндіріп алуды қолдану туралы ұйғарым шығарған.

Екінші борышкер де баласын асырау міндетін орындамаған. Ол 2019 жылдан бері алимент төлеуден жалтарып келген. Қазіргі таңда оның берешегі 3,4 млн теңгеге жеткен.

Бұл жағдайда прокуратураның бастамасымен борышкердің жылжымайтын мүлкіндегі 50 пайыз үлесіне өндіріп алу қолданылды. Қазір пәтердің аталған үлесін алимент өндірушіге қарызды өтеу есебінен беру рәсімі жүргізіліп жатыр.

Прокуратураның мәліметінше, қабылданған шаралар борышкерлердің мүлкін сот шешімдерін орындауға бағыттап, балалардың мүліктік құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік берген.

Ведомство ата-аналардың баласын асырау міндеті алимент бойынша қарыз толық өтелгенге дейін сақталатынын еске салды.

Алма БЕЙСЕН

Басқа жаңалықтар

Back to top button