Үйді су тасқыны мен жер сілкінісінен сақтандыру міндеттелмек
Жаңа жүйеде сақтандыру құны да нақты тәуекел деңгейіне байланысты белгіленуі мүмкін
Қазақстанда 2030 жылға дейін сақтандыру нарығын дамытуға бағытталған жаңа бағдарлама жобасы әзірленді. Құжатта тұрғын үйлерді жер сілкінісі, су тасқыны және табиғи орман өрттері сияқты қауіптерден міндетті сақтандыру ұсынылған, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Бағдарламаны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірлеген. Негізгі мақсат – міндетті сақтандыру жүйесін азаматтар мен бизнеске барынша түсінікті әрі икемді ету және сақтандыру қорғанысын нақты тәуекелдерге бейімдеу.
Міндетті сақтандырудың бірыңғай жүйесі енгізілуі мүмкін
Қазір Қазақстанда сақтандырудың 8 міндетті және 10 жүктелген түрі бар. Алайда олардың құқықтық реттелуі мен талаптары бір-бірінен ерекшеленеді.
Осыған байланысты агенттік міндетті сақтандырудың бірыңғай моделіне көшуді ұсынып отыр. Бұл ретте сақтандырудың негізгі қағидалары заңмен бекітіледі. Ал нарықтағы жағдай мен тәуекелдер өзгерген жағдайда жекелеген талаптар нормативтік актілер арқылы жаңартылып отырады.
Жаңа жүйеде сақтандыру құны да нақты тәуекел деңгейіне байланысты белгіленуі мүмкін. Яғни полис бағасы азаматтың немесе ұйымның қаншалықты тәуекелге ұшырайтынына қарай есептеледі. Сақтандыру компаниялары бұл ретте реттеуші белгілейтін тарифтік дәліз шегінде жұмыс істейді.
Үй табиғи апаттан бүлінсе, сақтандыру төлемі беріледі
Реформаның алғашқы кезеңінде тұрғын үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандыруды енгізу ұсынылып отыр.
Егер бастама қабылданса, жер сілкінісі, су тасқыны немесе табиғи орман өрті салдарынан үйі не пәтері бүлінген азаматтарға сақтандыру төлемі қарастырылмақ.
Мұндай тетік тұрғындардың табиғи апаттан келген шығынды толықтай өз қалтасынан өтеуіне немесе тек мемлекеттің көмегіне тәуелді болуына жол бермеуге бағытталған.
Әсіресе, жер сілкінісі қаупі жоғары өңірлер үшін бұл мәселенің маңызы зор.
Шетелдік туристерге де сақтандыру енгізілуі мүмкін
Бағдарлама жобасында Қазақстанға келетін шетелдік туристер үшін міндетті медициналық сақтандыру енгізу мүмкіндігі де қарастырылған.
Мұндай сақтандыру шұғыл медициналық көмек көрсету, науқасты медициналық көлікпен тасымалдау және қажет болған жағдайда репатриация шығындарын өтеуді қамтуы мүмкін.
Туристің сақтандыру полисінің бар-жоғын цифрлық форматта тексеру жоспарланып отыр.
Жаңа талаптар бірден енгізілмейді
Агенттік міндетті сақтандырудың жаңа түрлері автоматты түрде енгізілмейтінін атап өтті.
Әрбір бастама жеке қаралып, сақтандыру төлемдерінің азаматтар үшін қолжетімділігі, ықтимал тәуекелдердің деңгейі және қазір қолданыстағы қорғаныс тетіктері жан-жақты бағаланбақ.
Бағдарлама іске асқан жағдайда міндетті сақтандырудың формальді талаптан азаматтар мен бизнестің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нақты құралға айналуы көзделіп отыр.



