Украинадағы роботтар мен дрондар шеруі соғыстың болашағын көрсетті
Бұл Украина әскерінің 2022 жылдың ақпанынан бері түбегейлі өзгергенін көрсетті
Украина тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Киевте дәстүрлі әскери техника мен сарбаздар қатысатын парадтың орнына роботтар, теңіз дрондары және ұшқышсыз ұшу аппараттары көрсетілді, деп хабарлайды NewsMedia.kz Euronews-ке сілтеме жасап.
Киевтің басты көшесі – Крещатикпен ондаған көпфункционалды жерүсті роботты платформа жүріп өтті. Олардың қатарында ұрыс қимылдарына, барлау, логистика және жараланғандарды эвакуациялауға арналған жүйелер бар.
Днепр өзенінде Украина әскери мақсатта қолданатын теңіз дрондарын таныстырды. Олардың қатарында Magura және Sea Baby үлгілерінің түрлі модификациялары болды. Украина бұл дрондарды Ресейдің әскери кемелеріне, инфрақұрылымына және басқа да нысандарына соққы беру үшін қолданады.
Ал Киев аспанында барлау және соққы беруге арналған ұшқышсыз аппараттар, сондай-ақ ресейлік дрондарды жоюға арналған жаңа буын дрон-ұстағыштар көрсетілді.
Шеру Украина әскерінің 2022 жылдың ақпанынан бері түбегейлі өзгергенін көрсетті. Соңғы төрт жарым жылда дрондар құрлықта, теңізде және әуеде жүргізілетін әскери операциялардың маңызды бөлігіне айналды.
2024 жылы Украина президенті Владимир Зеленский дрондарды қолдануға маманданған жеке әскер түрі – Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру туралы заңға қол қойған. Украина осындай жеке әскер түрін құрған алғашқы мемлекет болды.
Дрондар Украинаға адам ресурсы мен дәстүрлі қару-жарақ бойынша басымдығы бар Ресейге қарсы соғыста өз мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Ұшқышсыз жүйелер әскери қызметшілердің өміріне төнетін қауіпті азайтып, салыстырмалы түрде арзан қару түрлерін кеңінен қолдануға жол ашты.
Ресей 2022 жылы толық ауқымды басқыншылықты бастағаннан бері Украина дәстүрлі әскери парадтар өткізбеген. Бұған дейін Киевтегі Крещатикте ресейлік әскерден қолға түскен немесе ұрыс алаңында жойылған танктер мен броньды техникалар көрсетілген болатын.



