Ақтауда жасөспірімдер қызды тепкілеп, басынан ұрған
Оқиғаның нақты қандай себеппен болғаны әзірге белгісіз
Ақтауда бір топ жасөспірім құрдас қызды аяусыз ұрып-соғып, қорлаған. Оқиға кезінде түсірілген бейнежазба кейін әлеуметтік желілерде тарап, көпшіліктің наразылығын тудырды, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Тепкілеп, басынан ұрған
КТК телеарнасының мәліметінше, әлеуметтік желіде тараған кадрларда бірнеше жасөспірімнің қызға күш көрсеткені көрінеді. Тізерлеп отырған қызды құрдастары тепкілеп, басынан ұрған. Кейін соққыдан қыз тепе-теңдігін жоғалтып, жерге құлаған. Осыдан кейін бейнежазба аяқталады.
Оқиғаның нақты қандай себеппен болғаны әзірге белгісіз.
Полиция не дейді?
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті оқиғаға қатысы бар барлық жасөспірімнің жеке басы анықталғанын хабарлады.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жасөспірімдердің ата-аналары балаларының тәрбиесіне тиісті деңгейде көңіл бөлмегені үшін жауапкершілікке тартылған.
Іс бойынша жиналған материалдар сотқа жолданған. Сонымен қатар жағдай кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жіберілді.
Құқық қорғау органдары жасөспірімдерді профилактикалық есепке қойған. Олармен және олардың отбасыларымен профилактикалық жұмыс жүргізілмек.
Полиция оқиғаның өзге де мән-жайларын жариялаған жоқ.



