500 мың теңгелік қуыршақ: әлеуметтік желіде тараған хабарлама полицияны алаңдатты
Полицияның түсіндіруінше, тексеру барысында күдік туғызған хабарландырудың нақты мән-жайы анықталған
Алматыда қуыршақты 500 мың теңгеге сататыны туралы хабарлама әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Қуыршықтың бағасы мен хабарландырудағы мәтін кейбір қолданушыларды алаңдатып, оның астарында жаңа туған нәрестені сату туралы ұсыныс болуы мүмкін деген болжам тараған, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Осыған байланысты Алматы полициясы тексеру жүргізіп, хабарландыру авторын анықтады.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, хабарландыруды жариялаған ер адам психоневрологиялық есепте тұр. Алайда оның адам саудасына, соның ішінде жаңа туған нәрестені сатуға қатысы бар екенін растайтын қандай да бір дерек анықталмаған.
Осылайша, баланы сату туралы ақпарат расталған жоқ. Әңгіме қуыршақты сатуға қатысты жарияланым туралы болған, – деп хабарлады полиция.
Полицияның түсіндіруінше, тексеру барысында күдік туғызған хабарландырудың нақты мән-жайы анықталған.
Оқиға әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, қолданушыларды алаңдатқанымен, құқық қорғау органдары жүргізген тексеріс нәтижесінде нәресте саудасына қатысты дерек расталмады.



