Жамбыл облысында аурухананың шотынан 350 млн теңге ұрланған
Аурухананың бухгалтерия компьютерлерінде AnyDesk қашықтан басқару бағдарламасы орнатылған. Бағдарламаға қосылу үшін арнайы код пен компьютердің алдындағы адамның растауы қажет
Жамбыл облысында балалар ауруханасының есепшотынан 350 миллион теңге ұрланған. Қылмысты жасаған адамдар анықталмағанымен, ұрланған ақшаны әрі қарай қолма-қол ақшаға айналдыруға қатысы бар Нұрсұлтан Сауғабаев 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Hronika.kz сайтының жазуынша, оқиға 2024 жылғы 22 мамырда болған. Тергеу мәліметінше, белгісіз адамдар балалар ауруханасының бухгалтериясындағы компьютерлерге қашықтан кіріп, мекеменің есепшотынан 350 миллион теңгені басқа шотқа аударған. Қаражат алдымен «СтройКомплектТАУ» ЖШС-нің шотына түскен, кейін бірнеше компания арасында бөлінген.
Ұрлық анықталғаннан кейін банктер 304 миллион 397 мың 910 теңгені бұғаттаған. Алайда 45 миллион 602 мың 90 теңге көлемінде залал келген.
Сот Нұрсұлтан Сауғабаевтың бақылауындағы компаниялардың банк деректемелерін бергенін, ақшаны бірнеше шотқа бөліп аударуға және оны қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектескенін анықтады.
Сауғабаев өз кінәсін толық мойындамаған. Ол тек ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға қатысқанын айтып, мемлекеттік медициналық мекеменің қаражаты екенін білмегенін мәлімдеген. Оның сөзінше, бұл іске Сергей есімді адам тартқан және оған атқарған жұмысы үшін сыйақы уәде етілген. Сауғабаев қолма-қол ақшаны Сергейге бергенін, алайда уәде етілген 10 пайызды алмағанын айтқан.
Сот оны 6,5 жылға бас бостандығынан айырып, 45 миллион 602 мың 90 теңге көлеміндегі залалды өтеуге міндеттеді. Кейін облыстық сот жаза мерзімін тағы екі айға ұзартқан.
Ауруханадағы қауіпсіздік талаптары сақталмаған
Іс бойынша сот ауруханадағы ақпараттық қауіпсіздікке қатысты да бірқатар мәселені анықтаған.
Аурухананың бухгалтерия компьютерлерінде AnyDesk қашықтан басқару бағдарламасы орнатылған. Бағдарламаға қосылу үшін арнайы код пен компьютердің алдындағы адамның растауы қажет.
Сот материалдарына сәйкес, бухгалтерия қызметкерлеріне бекітілген логиндер, құпия сөздер мен электрондық цифрлық қолтаңбалар іс жүзінде тиісті деңгейде пайдаланылмаған және бақылау болмаған.
Сондай-ақ компьютерлерге, онлайн-банкингке және электрондық цифрлық қолтаңбаларға қолжетімділікті бақылау жеткіліксіз болған.
Сот бұл жағдайлар аурухананың шотынан ақша ұрлануына мүмкіндік берген болуы мүмкін деп есептеп, Жамбыл облысының прокурорына арнайы қаулы шығарған. Қаулыда мекемедегі жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктерге назар аударылып, тиісті шара қабылдау талап етілген.
Букмекерлік шотқа қатысты айып дәлелденбеді
Сауғабаевқа қатысты істің тағы бір эпизоды – OLIMPBET букмекерлік кеңсесіндегі ақша қозғалысы.
Прокурорлар оның ауруханадан ұрланған қаражатты букмекерлік шотына аударып, бәс тігу арқылы 13 миллион 735 мың 142 теңге алғанын мәлімдеген.
Алайда 2026 жылғы 6 тамызда сот Сауғабаевты ақша жылыстату бойынша ақтаған.
Сот букмекерлік шотқа жалпы 21 миллион 723 мың 113 теңге салынғанын, ал 13 миллион 735 мың 142 теңге алынғанын атап өтті. Бұл сандар заңсыз табыстың болғанын өздігінен дәлелдемейді деген қорытынды жасалған.
Тергеу барысында букмекерлік шотқа салынған ақшаның нақты қайдан келгені де дәлелденбеген. Қаражат бірнеше рет, оның ішінде банк шоттары мен терминалдар арқылы қолма-қол түрде әртүрлі сомалармен енгізілген.
Сот аурухананың шотынан алынған ақша мен букмекерлік шотқа салынған қаражат арасында тікелей қаржылық байланыс анықталмағанын айтты.
Сонымен бірге тергеу тек аурухана қаражаты ұрланған 2024 жылғы 22 мамырдан кейінгі кезеңдегі операцияларды қарастырған. Бұған дейінгі букмекерлік шоттағы қозғалыстар толық зерттелмеген.
Осы іс бойынша Экономикалық тергеу департаменті мен Жамбыл облысының прокуратурасына сот тарапынан сын айтылды.
Сауғабаевтың адвокаты Есен Шаленовтің пікірінше, тергеу барысында аурухана ақшасын тікелей ұрлаған адамдарды іздеуге жеткілікті көңіл бөлінбеген.
Тергеушілер мемлекеттік мекемені тонағандарды іздемеген сияқты. Оңай жолмен олар қолма-қол ақшаны алу операторын тауып, оған үкім шығарды. Бірақ желіні бұзған ұрыларға көмектескендерді де, ұрылардың өздерін де ешкім іздемеді, – деді адвокат.
Іс материалдарындағы ең маңызды сұрақтардың бірі – аурухана компьютеріне қашықтан қосылу үшін қажет код пен растауды кім бергені.
Өйткені AnyDesk арқылы сырттан қосылу үшін компьютердің өзінен растау қажет болған. Демек, тергеу нұсқаларының бірі бойынша, аурухананың ішінде отырған адам сырттан келгендердің жүйеге кіруіне мүмкіндік берген болуы ықтимал.
Алайда бұл адам немесе адамдар әзірге анықталмаған.
Алма БЕЙСЕН


