ӘлемБасты жаңалық

Путин Украина соққысынан зардап шеккен мұнай зауыттарының жағдайын айтты

Путин бұл туралы 3 қыркүйекте Владивостокта өтіп жатқан Шығыс экономикалық форумында айтты

Ресей президенті Владимир Путин Украина шабуылдарынан зақымданған мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстары жақын арада аяқталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Путин бұл туралы 3 қыркүйекте Владивостокта өтіп жатқан Шығыс экономикалық форумында айтты.

Оның сөзінше, Ресейдегі мұнай өңдеу кәсіпорындарының басым бөлігінде жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Кеше, 2 қыркүйекте, энергетика министрі зауыттардың ішінде жөнделмеген 10 пайыз ғана қалғанын айтты, – деді Ресей президенті.

Сонымен қатар Путин Ресей мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылдарды күтпегенін мойындады.

Біз бұл азаматтық нысандар қарулы қақтығыс кезінде де шабуылға ұшырайды деп ойлаған жоқпыз. Өкінішке қарай, біз қателесіппіз. Біздің қарсыласымыз басқаша ойлайды екен, олар бұл азаматтық нысандарға соққы жасай бастады, – деді ол.

Ресейде жанармай тапшылығы күшейді

Украина соңғы бірнеше айда Ресейдің ірі мұнай өңдеу зауыттарына дрондармен бірнеше рет шабуыл жасады. Соның салдарынан Ресейдің бірқатар өңірінде жанармай тапшылығы байқалып, бензин бағасы өсті.

Ресейдегі жанармай мәселесі Қазақстанға да әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылық айтылған. Бұған дейін Мәскеу Қазақстаннан бензин жеткізуді сұрағаны туралы ақпарат тараған.

Reuters агенттігі өз дереккөздеріне сүйеніп, Мәскеу облысындағы ірі мұнай өңдеу зауытының жұмысы 2026 жылдың соңына дейін шектелуі мүмкін екенін хабарлаған.

Ал Киев Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарын әскери инфрақұрылымның бір бөлігі ретінде қарастырады. Украина тарапы бұл кәсіпорындарда өндірілген жанар-жағармайдың Ресей армиясының қажеттілігіне және әскери мақсаттарға пайдаланылатынын алға тартады.

Осыған байланысты Украина ресейлік мұнай өңдеу инфрақұрылымына соққы беруді Ресейдің әскери әлеуетін әлсіретуге бағытталған әрекет ретінде сипаттайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button