Басты жаңалықЭкономика

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені неге 16,25%-ға түсірді

Тамыз айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 9,8%-ға дейін түскен

Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендетті. Алайда реттеуші ақша-несие саясатын одан әрі жұмсартуға әзірге асықпайды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұған инфляциялық тәуекелдердің әлі де жоғары болуы себеп екенін айтты, деп хабарлайды NewMedia.kz.

Оның сөзінше, базалық мөлшерлемені төмендетуге елдегі инфляцияның баяулауы мүмкіндік берген. Тамыз айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 9,8%-ға дейін түскен.

Инфляция 11 ай қатарынан баяулаған

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, тамызда инфляция ұзақ уақыттан кейін алғаш рет бір таңбалы көрсеткішке түсті. Оның төмендеуіне жүргізіліп жатқан ақша-несие саясаты, теңгенің нығаюы, тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы және Үкіметпен бірге жүзеге асырылып жатқан шаралар әсер еткен.

Азық-түлік бағасының жылдық өсімі 9,5%-ға дейін баяулаған. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша инфляция 11,4%, ал қызмет көрсету саласында 8,9% болды.

Ұлттық банк мұндай динамиканы көкөніс пен жеміс бағасының арзандауымен, импорттық тауарлар құнының төмендеуімен және теңгенің нығаюымен байланыстырады.

Теңгенің нығаюы да инфляцияға әсер етті

Ұлттық банк басшысы ұлттық валютаның бағамы да бағаның өсуін тежеуге ықпал етіп отырғанын атап өтті.

Теңгенің нығаюына ақша-несие саясаты мен мұнай бағасының қолайлы деңгейі әсер етіп отыр. Бұл өз кезегінде импорттың арзандауына және ішкі нарықтағы инфляциялық қысымның төмендеуіне мүмкіндік береді.

Дегенмен тұтынушылық сұраныстың әлі де жоғары болуы және жанар-жағармай бағасының өсуі инфляцияның одан әрі жылдам төмендеуіне кедергі келтіріп отыр.

Халықтың инфляциялық күтімі де төмендеген

Қазақстандықтардың алдағы бір жылдағы баға өсіміне қатысты күтімі де азайған. Шілдеде бұл көрсеткіш 13,4%-дан 12,1%-ға түскен.

Ұлттық банктің бағалауынша, бұған ҚҚС-тың ықтимал өзгеруі, тарифтер мен азық-түлік бағасының қымбаттауы жөніндегі алаңдаушылықтың бәсеңдеуі әсер еткен.

Сонымен бірге кәсіби нарық қатысушылары 2026 жылғы инфляцияны әлі де 10% деңгейінде күтеді.

Базалық мөлшерлеме енді бірден төмендемеуі мүмкін

Ұлттық банк инфляцияның 10%-дан төмен түсуін оң нәтиже деп бағалағанымен, бұл көрсеткішті түпкілікті жетістік деп санауға әлі ерте деп отыр.

Фото: ҰБ баспасөз қызметі

Проинфляциялық тәуекелдер ішкі экономикада да, сыртқы ортада да елеулі болып отыр. Сондықтан қазір қол жеткізілген нәтижені бекітіп, инфляцияның әрі қарай төмендеуіне жағдай жасау маңызды, – деді Тимур Сүлейменов.

Ұлттық банк алдағы кезеңдегі негізгі тәуекелдер ретінде әлемдік азық-түлік пен энергия бағасының өсуін, геосаяси тұрақсыздықты, бюджет шығыстарының ықпалын, инфляциялық күтулерді, жанар-жағармай бағасы мен реттелетін тарифтердің өзгеруін атап отыр.

2028 жылы инфляцияны 5%-ға жеткізу көзделген

Ұлттық банк 2026 жылға арналған инфляция болжамын 9-11% деңгейінде қалдырды.

Ал 2027 жылға қатысты болжам қайта қаралды. Бұған дейін 5,5-7,5% деп күтілген инфляция енді 6,5-8,5% болуы мүмкін.

Ұлттық банк үшін негізгі мақсат – инфляцияны жай ғана 10%-дан төмен түсіру емес, оны тұрақты түрде шамамен 5% деңгейіне жеткізу. Бұл межеге 2028 жылы қол жеткізу жоспарланып отыр.

Осы мақсатта реттеуші ақша-несие шарттарын әзірге салыстырмалы түрде қатаң деңгейде ұстап, бюджет саясатының, реттелетін бағалардың және сыртқы экономикалық жағдайдың әсерін бақылауды жалғастырмақ.

Нарықтағы артық өтімділік қысқартылады

Инфляциялық қысымды төмендету үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемемен қатар басқа да құралдарды қолданады.

Қыркүйек айынан бастап міндетті резерв талаптары үшінші кезең аясында көтерілді. Соның нәтижесінде банктердің резервтері шамамен 4,3 триллион теңгеге дейін ұлғаяды деп күтілуде.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Ұлттық банк қолданып отырған құралдар арқылы ақша нарығындағы 7 триллион теңгеге дейінгі бос өтімділік айналымнан шығарылып жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button