Басты жаңалықЖаңалықтар

Қазақстандықтар қыркүйекте сирек кездесетін метеорит ағынын тамашалай алады

Мамандар метеорларды Астана уақытымен шамамен 22:00-ден 00:00-ге дейін бақылауға кеңес береді

Қыркүйек айында Қазақстан аумағынан аспандағы сирек байқалатын метеор ағындарының бірі – Сентябрьские эпсилон-Персеиды көрінеді. Оның шарықтау шегі 9 қыркүйектен 10 қыркүйекке қараған түні болады. Биыл табиғи жағдайлар аспан құбылысын бақылауға қолайлы болмақ, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Фесенков атындағы Астрофизика институтының маманы Светлана Мошкинаның айтуынша, Сентябрьские эпсилон-Персеиды 5-21 қыркүйек аралығында белсенді болады.

Метеор ағынының ең жоғары белсенділігі 9 қыркүйектен 10 қыркүйекке қараған түні күтіледі. Ауа райы қолайлы болып, аспан ашық болған жағдайда сағатына шамамен сегіз метеорды көруге мүмкіндік бар.

Астанада қай уақытта бақылаған дұрыс?

Мамандар метеорларды Астана уақытымен шамамен 22:00-ден 00:00-ге дейін бақылауға кеңес береді.

Бұл үшін арнайы телескоп немесе басқа күрделі құрал-жабдық қажет емес. Қаладағы жарықтан алысырақ, аспаны ашық жерге барып, көздің қараңғылыққа бейімделуіне бірнеше минут уақыт беру жеткілікті.

Биыл метеор ағынын бақылауға Айдың орналасуы да қолайлы. Оның шарықтау шегі жаңа Ай тууының алдындағы кезеңге сәйкес келеді. Сондықтан ай сәулесі метеорларды көруге айтарлықтай кедергі келтірмеуі тиіс.

Неліктен Персеидтер деп аталады?

Метеор ағынының атауы оның радиантына байланысты қойылған. Радиант – метеорлар аспанның бір нүктесінен ұшып шыққандай көрінетін аймақ. Сентябрьские эпсилон-Персеидтердің радианты Персей шоқжұлдызында орналасқан.

Алайда бұл құбылысты тамыз айында жиі байқалатын әйгілі Персеидтермен шатастырмаған жөн. Екеуі – бір-бірінен бөлек метеор ағындары.

Қыркүйектегі ағынның басты ерекшеліктерінің бірі – оның шығу тегі әлі толық анықталмаған. Ғалымдар оның ата-аналық денесін әзірге таба алған жоқ. Зерттеушілердің болжамынша, бұл метеор ағыны белгісіз ұзақ периодты кометамен байланысты болуы мүмкін.

Сентябрьские эпсилон-Персеидтердің белсенділігі тамыздағы Персеидтердей жоғары емес. Дегенмен қыркүйектің ашық түнінде аспанға көз салып, бірнеше «аққан жұлдызды» тамашалауға жақсы мүмкіндік бар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button