Жасанды интеллект Қазақстандағы кей мамандықтарды жойып жіберуі мүмкін
Еңбек нарығында жаңа мамандықтар мен бағыттар пайда болады
Қазақстанда жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың дамуына байланысты кейбір мамандықтар еңбек нарығынан жоғалуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтты, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Министрліктің болжамынша, технологиялардың дамуы нәтижесінде мынадай мамандықтарға сұраныс жойылуы ықтимал:
- мәтін өңдеу операторлары;
- мәтін терушілер;
- деректерді енгізу мамандары;
- корректорлар.
Алайда министр көптеген кәсіптің толық жойылып кетпейтінін, керісінше жаңа технологиялардың ықпалымен мазмұны өзгеретінін атап өтті. Сонымен қатар еңбек нарығында жаңа мамандықтар мен бағыттар пайда болады.
Қазақстанға 2,9 миллион маман қажет болады
Автоматтандыру үдерісіне қарамастан, Қазақстанда жұмысшы кадрларға деген сұраныс артып келеді. Қазір Электрондық еңбек биржасындағы бос жұмыс орындарының жартысынан астамы жұмысшы мамандықтарға тиесілі.
«2035 жылға дейін экономикаға кадрлардың қажеттілігі жұмысшыларды алмастыру және жаңа жұмыс орындарының ашылуын ескере отырып, 2,9 миллион адамды құрайды. Оның 1,8 миллионы жұмысшы мамандықтарға тиесілі болады. Ең жоғары сұраныс өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және IT салаларында күтіледі», – деді Асқарбек Ертаев.
Қандай мамандықтар сұранысқа ие болады?
Еңбек министрлігі сұранысқа ие мамандықтар тізімін 51-ден 174-ке дейін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Тізімге инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл энергетика және атом энергетикасы салаларындағы мамандықтар енгізіледі.
Яғни еңбек нарығында технологиямен жұмыс істей алатын, өндіріс пен инженерияны меңгерген мамандарға сұраныс арта түспек.
Жұмысшыларға жаңа дағдылар қажет
2026 жылдың соңына дейін 600-ден астам жұмысшы мамандық бойынша кәсіби стандарт әзірлеу жоспарланған.
Жаңа талаптарға жасанды интеллектпен жұмыс істеу, цифрлық құралдарды пайдалану, BI-талдау және киберқауіпсіздік бойынша білім мен дағдылар енгізіледі.
Кәсіби стандарттарды әзірлеу үшін арнайы жасанды интеллект сервисі де іске қосылған. Қазір 100-ден астам кәсіби стандарттың жобасы мемлекеттік органдарға келісуге жіберілген. Оларды жыл соңына дейін бекіту жоспарланып отыр.
Кадр даярлау жүйесі де өзгереді
2027 жылдың бірінші тоқсанында Career Enbek платформасында қысқа мерзімді оқыту жүргізетін ұйымдардың бірыңғай тізілімі жасалады.
Білім беру бағдарламаларына бірыңғай сапа талаптары енгізіліп, оқыту нәтижесі сертификат арқылы расталады.
Сонымен қатар инвестициялық жобалар үшін арнайы кадрлық паспорттар енгізіледі. Жоба әлі жоспарлау кезеңінде тұрғанда-ақ оны іске асыру үшін қанша және қандай маман қажет екені көрсетіледі.
Білім алу, біліктілікті растау және жұмыс іздеу процестерін бір цифрлық жүйеге біріктіру жоспарланып отыр.
Экономикаға қандай мамандар қажет болатынын дәлірек болжау үшін Big Data және жасанды интеллект технологиялары пайдаланылмақ.



