Үкімет тағы да Ұлттық қордың триллион теңгесіне қол салмақ: қаржы қайда жұмсалады
2027 жылы қордан республикалық бюджетке 4,43 трлн теңге аудару жоспарланған. Бұл бұрынғы болжамнан шамамен 60 пайызға көп
Қазақстан Үкіметі 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын әзірледі. Құжаттағы есептерге қарағанда, 2027 жылы салық түсімдерінің болжамы төмендегенімен, Ұлттық қордан алынатын қаражат пен бюджет тапшылығы артады, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
BES.media-ның жазуынша, жаңа жоба бойынша 2027 жылы бюджет кірісі 25,44 трлн теңге болады деп жоспарланған. Алайда салық түсімдері бұрынғы болжамдағы 20,83 трлн теңгенің орнына 19,54 трлн теңге көлемінде күтіледі. Қосылған құн салығынан түсетін кіріс те 11,52 трлн теңгеден 9,53 трлн теңгеге қысқарған.
Ұлттық қордан 4,43 трлн теңге алынады
Салық түсімдерінің азаюы Ұлттық қордан берілетін трансферт есебінен өтелмек. 2027 жылы қордан республикалық бюджетке 4,43 трлн теңге аудару жоспарланған. Бұл бұрынғы болжамнан шамамен 60 пайызға көп.
Оның 2,43 трлн теңгесі кепілдендірілген трансферт, ал 2 трлн теңгесі нысаналы трансферт болады.
Сонымен бірге 2027 жылы мұнай секторынан Ұлттық қорға шамамен 3,78 трлн теңге түседі деп күтіледі. Яғни қордан алынатын қаражат мұнай секторынан түсетін түсімнен шамамен 650 млрд теңгеге көп болмақ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Колледждер экономикаға қажет мамандарды даярлауға бейімделуі керек – Олжас Бектенов
Мемлекеттік компанияларға салынатын қаржы 39 есеге өседі
Мемлекеттің компаниялар мен даму институттарының капиталына салатын қаражаты да күрт көбейеді. 2027 жылы бұл мақсатқа 871,8 млрд теңге қарастырылған. Бұрынғы бюджет жобасында бұл сома небәрі 22,36 млрд теңге болған.
Қаражаттың ең ірі бөлігі Қазақстанда АЭС салу жобасына қатысатын компанияға бағытталады. «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС-не 247,9 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар «Даму» қорына – 171,1 млрд, Аграрлық несие корпорациясына – 100 млрд, өңдеу өнеркәсібі жобаларына – 100 млрд теңге бөлу жоспарланған.
«Ауыл аманатын» қаржыландыру қысқарады
Ауыл тұрғындарына арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасының қаржысы да азаяды. Бұған дейін жыл сайын 150 млрд теңге қарастырылса, жаңа үш жылдық бюджетте бүкіл кезеңге небәрі 150 млрд теңге бөлінуі көзделген.
2027 жылы осы қаражат есебінен ауыл тұрғындарына 2554 микрокредит беру жоспарланған.
Алматы метросына 300 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталады
Жаңа бюджет жобасында Алматы метросына айтарлықтай қаражат қарастырылған. 2027-2029 жылдары метро құрылысына жалпы 299 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталмақ.
Ал Алматы тау кластерін дамыту үшін аспалы жолдар құрылысына 2027 жылы 81,35 млрд, 2028 жылы 56,9 млрд теңге бөлу жоспарланған.
Бюджет тапшылығы 4,56 трлн теңге болады
Ең маңызды көрсеткіштердің бірі – бюджет тапшылығы. 2027 жылы оның көлемі 4,56 трлн теңге болады деп болжанған. Бұл алдыңғы болжамнан шамамен 30 пайызға жоғары.
Тапшылықты негізінен ішкі нарықта мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы қаржыландыру жоспарланып отыр. Қажет болған жағдайда Үкімет сыртқы нарықтан да қарыз тартуы мүмкін.
Мемлекеттік қарыз көлемі де өседі. 2027 жылдың соңында ол 44,74 трлн теңгеге, ал 2029 жылға қарай 48,25 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Қарызға қызмет көрсетуге жыл сайын шамамен 3,6 трлн теңге жұмсалмақ.
Осылайша, жаңа бюджет жобасында мемлекет Ұлттық қор қаражатын көбірек пайдалануды, ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды қаржыландыруды көздейді. Сонымен қатар бюджет тапшылығы мен мемлекеттік қарыздың өсуі негізгі мәселелердің бірі болып отыр.



