Ақтаудағы әкімшілік полиция басшысына қатысты тергеу жүріп жатыр
Ол 520 мың теңгеге жүргізуші куәлігін алып беруге уәде етті деген күдікке ілінген
Ақтауда әкімшілік полиция басқармасының бастығы Сүйін Құрмантаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде Ақтау қалалық Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Сүйін Құрмантаевтың тергеуге алынғаны туралы ақпарат тараған.
Жарияланған мәліметтерге сәйкес, полиция басшысы белгіленген тәртіпті айналып өтіп, 520 мың теңгеге жүргізуші куәлігін алып беруге уәде етті деген күдікке ілінген. Тергеуді ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізіп жатқаны айтылған.
ҰҚК бұл ақпаратқа қатысты тергеудің басталғанын растады.
Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды, – деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Айта кетейік, әкімшілік полиция қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қару айналымын бақылау, әкімшілік жазаларды орындау және бірқатар мемлекеттік қызмет көрсету бағытында жұмыс істейді.



