«Жұмыссыз» мәртебесін алу қиындай ма: Қазақстанда 1 қазаннан бастап жаңа тәртіп енгізіледі
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемге қатысты өзгерістер күшіне енеді
1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмыс іздеп жүрген азаматтармен жұмыс істеу тәртібі өзгереді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа алгоритмді пилоттық режимде іске қосады, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Жаңа жүйе бойынша азаматқа бірден жұмыссыз мәртебесін берудің орнына, алдымен лайықты жұмыс іздеуге 13 күнге дейін уақыт бөлінеді. Бұған дейін бұл кезең екі күн ғана болған.
Осы уақыт ішінде Мансап орталығының мамандары жұмыс іздеушінің тәжірибесі мен біліктілігін, кәсіби жоспары мен қажеттіліктерін зерделейді. Сонымен қатар азаматқа сәйкес келетін бос жұмыс орындарын ұсынып, ықтимал жұмыс берушілермен байланысады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: 12 қыркүйектен бастап Қазақстанда емханаға тіркелу тәртібі өзгерді
Жұмыссыз мәртебесін алу қиындай ма?
Министрлік жаңа тәсілдің мақсаты жұмыссыздарды формалды түрде тіркей беру емес, оларды нақты жұмысқа орналастыруға басымдық беру екенін атап отыр.
Жұмыс іздеуші жеке кеңес алып, өзінің білімі, тәжірибесі мен кәсіби жоспарына сәйкес жұмыс табуға мүмкіндік алады.
Пилоттық жоба аясында Мансап орталықтары мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры филиалдарының қызметкерлері де жаңа алгоритм бойынша оқытылады.
Оларға азаматтарды профилдеу, бос жұмыс орындарын іріктеу, жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу және жұмыспен қамту шараларын қолдану бойынша жаңа талаптар түсіндіріледі.
Жұмысынан айырылғандарға төлем қысқара ма?
2026 жылдың соңына дейін жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау тәртібі өзгермейді. Оны алуға құқығы бар азаматтар қазіргі қолданыстағы шарттар бойынша төлем ала береді.
Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемге қатысты өзгерістер күшіне енеді. Заңдағы түзетулерге сәйкес, белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда жұмысынан айырылуына байланысты төлемнің ең ұзақ мерзімі үш айға дейін болады.
Яғни 1 қазаннан енгізілетін өзгеріс әлеуметтік төлемнің мерзіміне емес, жұмыссыз мәртебесін алғанға дейінгі жұмыс іздеу кезеңіне қатысты.
Министрлік 2026 жылдың қазан-желтоқсан айларында еліміздің барлық өңірінде жаңа тәртіп бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
Негізгі мақсат – азаматтарды жай ғана жұмыссыз ретінде тіркеу емес, оларды тұрақты жұмысқа орналастыру.



