Отбасы банк ислам ипотекасын іске қосуға дайындалып жатыр
Лицензия алынғаннан кейін банк жеке және заңды тұлғаларға ағымдағы шот ашып, пайызсыз исламдық депозиттерді қабылдай алады
Қазақстанда ислам ипотекасын іске қосу жұмыстары жалғасып жатыр. «Отбасы банк» осы бағытта тиісті лицензия алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы банктің басқарма төрағасының орынбасары Жансұлтан Матай мәлімдеді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Бүгіннен бастап Қазақстанда тұрғын үй кезегіне тұру тәртібі өзгерді
Оның айтуынша, қазір банк исламдық қаржыландыру тетігін енгізуге қажетті дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Лицензия алынғаннан кейін банк жеке және заңды тұлғаларға ағымдағы шот ашып, пайызсыз исламдық депозиттерді қабылдай алады.
«Бүгінде дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ең алдымен, жеке және заңды тұлғаларға ағымдағы шоттар ашып, пайызсыз исламдық депозиттерді тартуға мүмкіндік беретін тиісті лицензия алуымыз керек», – деді Жансұлтан Матай.
Алайда ислам ипотекасын толық іске қосу үшін лицензия алу жеткіліксіз. Банк Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, осындай қарыздарды беруге мүмкіндік жасайтын заңнамаға қажетті өзгерістерді пысықтауы тиіс.
Банкте арнайы кеңес құрылады
«Отбасы банкте» исламдық қаржыландыруға арналған «ислам терезесін» ашуға қажетті корпоративтік шешімдер қабылданып жатыр. Бұл құрылым банкке исламдық қаржыландыру қағидаттары бойынша қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар банк исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі арнайы кеңес құруды жоспарлап отыр. Кеңес осы бағыттағы «Отбасы банктің» жұмыс саясатын айқындайды.
Ислам ипотекасының қазақстандықтарға нақты қашан қолжетімді болатыны әзірге белгісіз.
«Қазір нақты мерзімдер туралы айту ерте деп ойлаймын. Лицензияны алғаннан кейін ғана қосымша қажетті мерзімдер нақтыланады», – деді банк өкілі.
Орталық Азияда ислам қаржысы дамып келеді
Исламдық қаржыландыру Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия елдерінде де дамып келеді.
Биыл мамыр айында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның кәсіби қауымдастықтары Ислам қаржысының өңірлік альянсын құру туралы меморандумға қол қойған.
Құжат Астанада өткен Islamic Finance and Business Forum 2026 форумында рәсімделді. Тараптар исламдық қаржы саласында бірлескен зерттеулер жүргізіп, білім беру жобаларын іске асыруды, сараптамалық жұмыстарды дамытуды және мамандардың біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр.



