Басты жаңалықӨнер

Ақбота Махмұт, суретші: Картиналарымнан адамдар жақсы әсер алғанын қалаймын

Ол Көкшетаудағы Абай Мырзахметов атындағы университетте IT мамандығы бойынша білім алып, бүгінде «Транстелеком» АҚ-да байланыс саласында жұмыс істейді

Астаналық жас суретші Ақбота Махмұт атасы Сейітжан мен әжесі Тілеулестің қолында өскен. Солардың тәлім-тәрбиесін алған. Елордадағы Басқару колледжінде интерьер, графикалық дизайн мамандығы бойынша оқыған. Кейін Н. Құлажанов атындағы қазақ технология және бизнес университетінде де дәл осы мамандық бойынша оқуын жалғастырған. Алайда дизайнды «допша тебетіндей» білімі болса да, бойжеткеннің аңсары қылқалам ұстауға ауа беріпті, деп жазады NewsMedia.kz.

Бейнелеу өнеріне бала күнінен қызығатын. Мектепке барғаннан-ақ сурет салуға құмартып өсті. Сынып жетекшісі оқушылардан «Өскенде кім боласыңдар?» деп сұрағанда кішкентай Ақбота «Әбілхан Қастеев сияқты суретші немесе Мақпал, Роза апайлардай әнші боламын»» дейтін тақ-тақ етіп. Өнерге құштар жеткіншек мектепте ән де айтатын. Мектепішілік түрлі іс-шараларға, байқауларға белсене қатысатын. Ол сурет салуға деген қызығушылығы атасы Сейітжан Әлжаннан дарыған деп есептейді. Ол кісі темірден түйін түйетін ұста болыпты. Ағаштан да түрлі бұйымдар жасайтын. Суретші «атама тартқан сияқтымын» дейді мақтаныш сезіммен.

2018 жылдан бастап Ақбота Махмұт Көкшетаудағы Абай Мырзахметов атындағы университетінде IT мамандығы бойынша білім алып, бүгінде «Транстелеком» АҚ-да байланыс саласында жұмыс істейді. Білікті IT-маманы.

– Ақбота, шабытты қайдан аласың? – деп сұрадық біз суретшіден.

Әртүрлі жағдайларға байланысты ғой, – деді ол. – Кейде шабытым суретші әріптестерімнің жұмыстарын көргенде келеді. Ал кейде табиғат аясына шыққан кезде, кез келген адаммен сөйлескен кезде пайда болуы мүмкін.

Ақбота Махмұт картина жазғанда жан дүниесі тыныштық тауып, сөзбен айтып жеткізгісіз керемет сезімге бөленетінін айтады. Оның сөзінше, әр туындысында өзінің бір бөлігін қалдырғандай әсерде болады, сондайда кейбір тапсырыс берушінің картинасын иесіне қайтарғысы келмей қойған күндерді де басынан кешкен. Бірде колледжде оқып жүргенінде ұстаздары натюрморт салуды тапсырған. Сол сәтте көңілі түсіп отырған Ақботаның кенет сурет сала бастағаннан-ақ көңіл күйі бірден жақсы жаққа өзгере бастапты. Мұны өнердің құдіреті демей көріңіз.

Тіпті сол жұмысты таңға дейін орындаған. Бойындағы барлық энергиясын жұмсаған. Бұл туындысы ұстаздарына, бірге оқитын құрбы-құрдастарына ұнағанымен, өзінің көңілінен шықпаса керек.

Ақбота Махмұт әңгіме арасында Қазақстанда сурет өнері жақсы дамып келе жатқанын айтты.

Бүгінде әлеуметтік желідегі оқырмандарының зор қызығушылығын тудырып жүрген суретші реалистік бағытта картиналар салады. Ол өмірді шынайы, нақты және жан-жақты бейнелейді. Ол қоғамдағы мәселелерді, адам тағдыры мен психологиясын, күнделікті тұрмысты әлеуметтік қайшылықтармен байланыстыра отырып, әлеуметтік шындықты дәл жеткізуді мақсат етеді.

Ақбота Махмұттан біз:

– Сурет салу көңіл күйіңе қаншалықты әсер етеді? – деп сұрағанбыз қызығушылық танытып.

Ол көп ойланған жоқ:

Көбіне картиналарымды көңіл күйім болмағанда жазамын немесе қылқаламды қолыма  шабыт келгенде аламын, – деп жауап берді.

Ақбота Махмұт картинасынан адамдар жақсы әсер алғанын қалайды. Оларға түрлі эмоция мен көтеріңкі көңіл күй сыйлауды көздейді. Туындысына түрлі-түсті бояулар қолданғанды жөн санайтын дарын адамдардың өмірге деген көзқарасын жақсы жағына қарай өзгертуге тырыссам ғой деп армандайды. Түстерге ерекше мән береді. Картинасы көпшілікке қуаныш, шаттық сыйласа екен дейді.

«Әу демейтін қазақ жоқ» дегендей, меніңше, әр адамның бойында қандай да бір өнер бұғып жататын сияқты. Тек адам оны сезіне білуі керек. Бойындағы талант ұшқынын байқаса, оны жарыққа шығарып, әрі қарай дамытуы қажет деп ойлаймын, – дейді суретші Ақбота Махмұт.

Дарынды бойжеткен бізбен әңгіме барысында басынан өтіп жатқан қызықты жайттарды айтып берді.

Бәлкім, кездейсоқтық болар, бірақ соңғы кездері бір қызық құбылысты байқап жүрмін, – деді ол жымиып.

– Қандай? – Елең ете қалдық.

Жалпы мен кез келген жерде сурет салып кете беремін. Қонаққа барсам, сол үйде бір суретім қалады. Мәселен, жұмыстағы кеңседе де 2-3 туындым бар. Бірде, күз мезгілінде үйде отырып теңіздің тулаған толқынын қағазға түсіргім келді. Көлге, теңізге барып шомылсам деген ойым болған жоқ. Бірақ, бір қызығы, сол жолы шетелге саяхатқа шығып, теңізге армансыз шомылдым. Енді бірде түйенің суретін бейнелеу туралы ой келе қалды. Қолыма қылқаламымда алып, салып шықтым. Сізге өтірік, маған шын, арада көп уақыт өтпей, жұмыстан демалыс алып, «Египет, қайдасың?» деп саяхатқа шығып кеттім. Сол кезде өзім қағазға түсіргендей, түйеге мініп, табиғат аясында серуендедім, – дейді суретші.

Ақбота Махмұт бейнелеу өнерінен бөлек хна өсімдігінен дайындалған бояумен мехенди — яғни теріге немесе қолға арнайы табиғи бояумен сурет салу өнерімен, сондай-ақ аквагриммен айналысады.

Ғани АТЫМТАЙ

Фото: Ақбота Махмұттың жеке мұрағатынан

Басқа жаңалықтар

Back to top button