Жаңалықтар

Apple жаңа iPhone бағасын шамамен 100 долларға көтеруі мүмкін

Бірнеше ай бұрын компания Mac компьютерлері мен iPad планшеттерінің көпшілігінің бағасын орта есеппен 23 пайызға өсірген

Apple компаниясы жаңа iPhone модельдерінің бағасын шамамен 100 долларға қымбаттатуы мүмкін. Бұған чиптер мен жедел жад бағасының өсуі, сондай-ақ құрылғы өндірісіне қажетті компоненттердің қымбаттауы себеп болуы ықтимал, деп хабарлайды NewsMedia.kz MacRumors басылымына сілтеме жасап.

iPhone неге қымбаттауы мүмкін?

Apple соңғы уақытта өндіріс шығындарының өсуімен бетпе-бет келіп отыр. Бірнеше ай бұрын компания Mac компьютерлері мен iPad планшеттерінің көпшілігінің бағасын орта есеппен 23 пайызға көтерген.

Енді бағаның өсуі iPhone смартфондарына да әсер етуі мүмкін.

Bloomberg журналисі Марк Гурманның мәліметінше, электроника өндірушілері қазіргі уақытта чиптер мен жад модульдерінің тапшылығына тап болып отыр. Соның салдарынан негізгі компоненттердің бағасы қымбаттап, өндірушілерге бұрынғы баға деңгейін сақтау қиындай түскен.

iPhone 18 Pro қанша тұруы мүмкін?

Алдын ала болжам бойынша, Apple өндіріс шығындарының барлық өсімін тұтынушыға жүктемеуге тырысады.

Инсайдерлердің бағалауынша, iPhone 18 Pro бағасы шамамен 9 пайызға өсіп, 1199 долларға дейін жетуі мүмкін. Яғни қазіргі бағамен салыстырғанда шамамен 100 долларға қымбаттауы ықтимал.

MacRumors сарапшылары мұндай өсімді салыстырмалы түрде қалыпты деп бағалап отыр. Яғни Apple қосымша шығындардың бір бөлігін өзі көтеріп, тұтынушыларға түсетін қаржылық салмақты барынша азайтуды көздеуі мүмкін.

Apple неге бағаны күрт көтермейді?

Марк Гурманның пікірінше, Apple баға саясатына барынша сақтықпен қарауға тырысады. Шамамен 100 долларға қымбаттау компанияға iPhone-ды Samsung-тың флагмандық смартфондарымен бір баға санатында сақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар смартфон бағасының тым күрт өсуі тұтынушылардың наразылығын тудыруы мүмкін. Сондықтан өндіріс шығындары артқанымен, Apple бағаны барынша шектеулі көлемде көтеруге тырысуы ықтимал.

Әдетте әлемдік нарықтағы Apple өнімдерінің қымбаттауы Қазақстандағы бағаға да әсер етеді. Сондықтан жаңа iPhone модельдерінің бағасы өзгерген жағдайда, оның қазақстандық нарыққа қаншалықты ықпал ететіні әзірге белгісіз.

Алма БЕЙСЕН

Басқа жаңалықтар

Back to top button