Абай облысында 20 жастағы қыздың өлімі: әкесі қылмыстың мән-жайын айтып берді
Қайғылы оқиға 13 тамызға қараған түні болған
Абай облысының Бородулиха ауылында 20 жастағы Дильназдың өліміне қатысты қылмыстық іс сотқа жолдануға дайындалып жатыр. Марқұмның әкесі қызының өліміне қатысты бірқатар мән-жайды айтып, істің неге «аса қатыгездікпен адам өлтіру» бабымен сараланбағанына қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды Stan.kz-ке сілтеме жасаған NewsMedia.kz.
Оқиғаның мән-жайы
Әкесінің айтуынша, қайғылы оқиға 13 тамызға қараған түні болған. Сол күні Дильназ құрбыларымен бірге ауылда серуендеуді жоспарлаған. Алайда құрдастарының жоспары өзгеріп, қыз сыныптасымен бірге сыртқа шыққан.
Қызым сол түні сыныптасымен ғана ауыл ішінде серуендеген. Тергеу барысында күдіктінің айтуынша, Дильназ оған телефон шалып, кейін сыныптасымен бірге оның қасына барған. Екеуі ауылдың шетіне қарай бет алған. Жолдың жартысында сыныптасы үйіне қайтып, қызым жалғыз қалған, – деді Сабыржан.
Әкесінің сөзінше, Дильназ бен күдікті сол жерде жанжалдасып қалған. Олардың арасында төбелес болып, кейін қыз оқиға орнынан кетуге тырысқан.
Күдікті тергеу кезінде Дильназдың соңынан өзі барғанын айтқан. Әкесінің айтуынша, содан кейін ол қалтасынан бәкісін шығарып, қызды қорқытпақ болғанын мәлімдеген.
Мойнына пышақ сұққан
Алайда жағдай соңы қайғылы аяқталған.
Кейін жігіт қызымды бірнеше рет пышақтаған. Мойнына да пышақ сұққан. Қызым алған жарақаттарынан тізерлеп барып құлаған. Сол кезде де оған бірнеше рет пышақ сұққан. Кейін шалқасынан жатқан қызымды екі қолтығынан ұстап, шамамен 32 метр жерге сүйреген. Жалпы 12 рет пышақ жарақатын салған, – деді марқұмның әкесі.
Әкесінің айтуынша, кейбір жарақаттардың тереңдігі сараптама барысында 7,7 сантиметрге дейін жеткен.
Оқиғадан кейін күдікті Дильназдың сырт киімін шешіп алып, оның ішінде болған ұялы телефонды өшірген. Кейін киім мен телефонды орманға лақтырып кеткен.
Марқұмның әкесі мамандардың сараптамасы бойынша Дильназдың шабуылдан кейін біраз уақыт тірі болғанын да айтты.
Кейін күдікті үйіне барып, киімдерін және қылмыс кезінде қолданған пышақты даладағы әжетханаға тастаған. Дильназдың денесі оқиға орнында қалған.
Әкесінің сөзінше, бастапқыда қыздың өліміне кімнің қатысы бар екені белгісіз болған. Кейін куәгерлерден алынған ақпарат арқылы күдіктінің жеке басы анықталып, ол таңертең ұсталған.

Әкесі істің қайта саралануын сұрайды
Сабыржанның айтуынша, Дильназ отбасының жалғыз перзенті болған. Ол Шәкәрім университетінде тарих және география мамандығы бойынша білім алып, екінші курсты аяқтап, үшінші курсқа өткен.
Марқұм мен күдікті бұған дейін кездесіп жүрген. Әкесінің айтуынша, олардың қарым-қатынасы өткен жылы аяқталған.
Ол тергеу барысында сараптама нәтижелері шыққаннан кейін қылмыстық істің саралануы өзгеруі мүмкін деген ақпарат алғанын айтты. Алайда әзірге іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі – «Адам өлтіру» бойынша қаралып жатыр.
Марқұмның туыстары қылмыстың жасалу тәсіліне, жарақаттардың санына және оқиғадан кейінгі әрекеттерге байланысты істің ауырлау бап бойынша сараланғанын қалайды.
Полиция не дейді?
Абай облысының полиция департаменті Дильназдың қазасына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілгенін растады.
Абай облысы Полиция департаменті Бородулиха ауылының 20 жастағы тұрғынының қаза болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілгенін хабарлайды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді департамент.
Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу аяқталған. Қылмыстық процеске қатысушылар іс материалдарымен танысып жатыр.
Олармен танысу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс заңда белгіленген тәртіппен сотқа жолданады.



