МӘМС: енді пациенттер өз атына қандай медициналық қызмет көрсетілгенін тексере алады
Жаңа жүйенің негізгі мақсаты – медициналық ұйымдардағы жалған көрсетілімдер мен іс жүзінде көрсетілмеген қызметтерді рәсімдеу, яғни «қосып жазу» фактілерінің алдын алу
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі қаржылық бақылау күшейтілмек. Енді медициналық ұйымдарға қаражат аударылғанға дейін күмәнді және негізсіз төлемдерді анықтау мүмкіндігі пайда болады. Ал пациенттер өз атына қандай медициналық қызметтер көрсетілгенін және олар үшін МӘМС қорынан қанша қаражат төленгенін электронды қаржылық паспорт арқылы бақылай алады, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Жаңа жүйенің негізгі мақсаты – медициналық ұйымдардағы жалған көрсетілімдер мен іс жүзінде көрсетілмеген қызметтерді рәсімдеу, яғни «қосып жазу» фактілерінің алдын алу.
Пациент өзіне көрсетілген қызметтерді бақылай алады
МӘМС жүйесін реформалаудың қаржылық тәртіп пен ашықтыққа бағытталған алғашқы кезеңі аяқталды. Келесі кезеңде пациенттің электронды қаржылық паспортын іске қосу жоспарланып отыр.
Бұл құрал азаматтарға өз атына қандай медициналық қызметтер рәсімделгенін бақылауға мүмкіндік береді. Яғни пациент өзі алмаған медициналық көмектің жүйеде көрсетілгенін байқаса, оған назар аударып, тиісті шара қолдана алады.
Алайда сарапшылар бақылауды күшейту кезінде медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын да ескеру қажет екенін айтады.
Денсаулық сақтау саласының сарапшысы Әли Нұрғожаевтың пікірінше, клиникалар көрсетілген медициналық қызмет үшін қаражатты бірден ала бермейді. Сондықтан жаңа талаптар олардың жұмысына қосымша салмақ түсіруі мүмкін.
Клиникалар қазірдің өзінде қаржыландыруды көрсетілген қызметтен кейін алады. Оның үстіне бұл қаражат әрдайым қысқа мерзімде түсе бермейді. Сондықтан белгілі бір тәртіп орнатуға деген ниет бар екені көрініп тұр. Дегенмен денсаулық сақтау саласында шамамен 300 мың медицина қызметкері бар, пациенттер саны да өте көп. Өзгерістер өте мұқият жүргізілуге тиіс, – деді Әли Нұрғожаев.
Сарапшылар не дейді?
Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин денсаулық сақтау саласындағы жаңашылдықтарды бірден жаппай енгізбей, алдымен пилоттық режимде сынақтан өткізуді ұсынды.
Оның айтуынша, қаржылық бақылаумен қатар медициналық көмектің сапасын бағалауға басымдық берілуі керек. Сонымен бірге дәрігерлерге түсетін артық бюрократиялық жүктемені азайту маңызды.
Әсіресе, мемлекеттік медициналық ұйымдар үшін бұл сезімтал мәселе болуы мүмкін. Өйткені олардың негізгі қаржысы МӘМС жүйесі арқылы түседі. Жекеменшік клиникалар бұл жағдайды белгілі бір деңгейде еңсере алады, себебі олардың ақылы қызметтерден түсетін кірісі бар, – деді Вячеслав Локшин.
Сарапшы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп, медициналық қызмет сапасын бағалау жүйесіне толыққанды көшудің маңызын атап өтті.
Оның пікірінше, сапалы жұмыс істейтін медициналық ұйымдарды ынталандыратын арнайы коэффициенттер енгізу де тиімді болуы мүмкін.
Антифрод жүйесі 4 миллиард теңгеден астам заңбұзушылықты анықтаған
Үкімет өкілдерінің мәліметінше, реформаның алғашқы нәтижелері бар. Биылғы бірінші жартыжылдықта МӘМС жүйесіндегі антифрод тетігі арқылы 4 миллиард теңгеден астам сомаға заңбұзушылықтар анықталған.
Бұл жүйе медициналық қызметтер бойынша күмәнді операцияларды автоматты түрде анықтап, негізсіз төлемдердің алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар мамандар бақылау шараларын шамадан тыс күшейту медициналық ұйымдардың жұмысына кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Олардың пікірінше, жаңа талаптар дәрігерлердің қағазбастылығын арттырмай, керісінше жүйені жеңілдетуге бағытталуы қажет.
140 мыңға жуық адам медициналық ұйымдарға заңсыз тіркелген
Бұған дейін Қазақстанда шамамен 140 мың азаматтың медициналық ұйымдарға өз келісімінсіз тіркелгені анықталған болатын. Кейбір жағдайларда олардың атына өздері алмаған медициналық қызметтер де рәсімделген.https://newsmedia.kz/news/80214
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, мұндай заңбұзушылықтар МӘМС қорына 3,5 миллиард теңгеден астам шығын келтірген.
Жаңа электронды қаржылық паспорт пен күшейтілген бақылау жүйесі осындай фактілерді ертерек анықтап, МӘМС қаражатының мақсатсыз жұмсалуына жол бермеуге тиіс.
Алма БЕЙСЕН



