Қоғам

«Тіл табыса алмадық, ұлтымыз да бөлек…»: Сая Оразғалиева екінші некесінің неге бұзылғанын айтты (ВИДЕО)

Некеден кейін ерлі-зайыптының өмірге деген көзқарасы мен мінездері айтарлықтай бөлек екенін біртіндеп түсінген

Қазақстандық актриса Сая Оразғалиева екінші некесінің аяқталуына не себеп болғанын ашық айтып, ажырасу туралы шешімді ұзақ уақыт қабылдай алмағанын жеткізді. Актрисаға бұл шешімді қабылдауға балаларынан айырылып қалу қорқынышы мен жақындарының пікірі кедергі болған. Бұл туралы ол «Мамский әңгіме» подкастында айтты, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

«Балаларым әкесіз өседі деп қорықтым»

Актрисаның сөзінше, ол отбасын бірден бұзуға шешім қабылдамаған. Некеден кейін ерлі-зайыптының өмірге деген көзқарасы мен мінездері айтарлықтай бөлек екенін біртіндеп түсінген.

Сая Оразғалиеваның айтуынша, ажырасуға қатысты ең үлкен қорқынышы балаларының әкесіз қалуы болған.

Мен үшін ең үлкен қорқыныш – балаларды әкесіз қалдыру болды. Отбасымды сақтап қала алмадым, балаларым толық отбасында өспейді деген ой өзімді қатты кінәлауыма себеп болды, – деді актриса.

«Бәрі басынан біз ойлағандай болмады»

Сая Оразғалиева екінші некесінің алғашқы кезеңінен-ақ белгілі бір қиындықтар болғанын жасырмады. Оның айтуынша, бұл қарым-қатынаста оның бұрын ажырасқаны, баласының бары, танымал актриса болуы және ерлі-зайыптының ұлты бөлек болуы да әсер еткен.

Бәрі басынан біз ойлағандай болмады. Ол жақта мені аса қуана қарсы алды деп айта алмаймын. Ажырасқан, баласы бар, көпшілікке танымал актрисамын. Оның үстіне ұлтымыз да бөлек болды. Кейін отбасын құрған соң екеуміздің өте бөлек екенімізді түсіне бастадым, – деді ол.

Уақыт өте келе олардың болашаққа деген ортақ жоспары мен арманы да жоқ екені байқалған. Тіпті демалыс пен саяхат мәселесінде де бір шешімге келе алмаған.

Бір кезде біздің ортақ арманымыз да, болашаққа жоспарымыз да жоқ екенін түсіндім. Тіпті саяхат мәселесінде де келісе алмайтынбыз. Оның менімен бақытты емес екенін, менің де онымен бақытты емес екенімді түсіндім. Бізге жай ғана басқа адамдар керек болды, – деді Сая Оразғалиева.

Отбасын сақтап қалуға тырысқан

Актриса некесін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысқанын айтты. Тіпті жұбайымен бірге отбасылық терапияға барған. Алайда маманның көмегі де қарым-қатынасты сақтап қалуға әсер етпеген.

Бір-бірімізбен тіпті тіл табыса алмайтын жағдайға жеттік. Отбасылық терапияға да бардық, бірақ көмектеспеді. Сол кезде жағдайды тым ушықтырып алғанымызды, енді одан шығатын жол қалмағанын түсіндім, – деді актриса.

Соған қарамастан Сая Оразғалиева екінші некесіне өкінбейтінін атап өтті. Себебі осы некеден оның балалары дүниеге келген.

Актриса бұл тәжірибеден кейін болашақ жарды некеге дейін күнделікті өмірде танып-білудің маңызды екенін түсінгенін айтты. Сондай-ақ болашақ жұбайының отбасымен алдын ала жақын танысу қажет деген қорытындыға келген.

Алма БЕЙСЕН

Басқа жаңалықтар

Back to top button