ӘлемБасты жаңалық

Өзбекстан әліпбиін тағы өзгертеді: Қазақстан латын қарпіне қашан көшеді

Сенат мәліметінше, қолданыстағы әліпбиде 26 әріп және үш әріп тіркесі болса, жаңа нұсқада 28 әріп және бір апостроф болады

Өзбекстан Сенаты елдің латын графикасына негізделген әліпбиін жетілдіруге бағытталған өзгерістерді мақұлдады. Енді өзбек әліпбиіндегі әріптер саны өзгеріп, бұрынғы үш әріп тіркесінің орнына жаңа таңбалар енгізіледі, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Сенат мәліметінше, қолданыстағы әліпбиде 26 әріп және үш әріп тіркесі болса, жаңа нұсқада 28 әріп және бір апостроф болады.

Неге өзгеріс енгізілді?

Өзбекстан Сенатының түсіндіруінше, жаңа өзгерістердің мақсаты – өзбек әліпбиі мен емле ережелерін жетілдіру және мемлекеттік тілді қолдану мүмкіндігін кеңейту.

Заң күшіне енгенге дейін қазіргі әліпбиге негізделіп дайындалған құжаттарды, ұлттық валютаны және бағалы қағаздарды пайдалануға рұқсат беріледі.

Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың кейбір рәміздері, сондай-ақ маңдайшалар мен көрсеткіштер де бірден ауыстырылмайды. Олар жарамсыз болғанға дейін немесе белгіленген пайдалану мерзімі аяқталғанша қолданыла береді.

Қазақстанда латын қарпіне көшу қай деңгейде?

Қазақстанда қазақ тілін кириллицадан латын графикасына көшіру мәселесі бұдан әлдеқайда бұрын көтерілген.

2017 жылы тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру туралы Жарлыққа қол қойған. Бастапқы жоспар бойынша бұл үдеріс 2025 жылға дейін жүзеге асуы тиіс еді.

Алайда ұсынылған алғашқы әліпби қоғамда қызу талқыланып, бірнеше рет өзгертілді. Сол кезде Сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаев та алғашқы нұсқаға қатысты сын айтып, әліпбиді жетілдіру қажеттігін білдірген.

2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезінде қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылды. Сонымен қатар латын графикасына негізделген қазақ тілінің емле ережелерін бекітуге қатысты өзгерістер енгізілді.

Осылайша, көршілес Өзбекстан әліпбиін қайта жетілдіруге кіріссе, Қазақстанда латын қарпіне толық көшу мәселесі әлі де қоғам талқысындағы өзекті тақырыптардың бірі болып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button