Қырғызстандағы «75 ісі» бойынша сот үкімі өзгертілді: Ташиевке түрме жазасы кесілмеді
Прокуратура бұған дейін сотталушыларды тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған
Қырғызстанда қоғам назарын аударған «75 ісі» бойынша апелляциялық сот шешім шығарды. Бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамчыбек Ташиев пен басқа да айыпталушыларға билікті күшпен басып алуға дайындалды деген айып тағылмайтын болды. Сот оларды екі жылға пробация бақылауына жіберді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
10 қыркүйекте іс апелляциялық тәртіппен қаралды. Прокуратура бұған дейін сотталушыларды тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Апелляциялық сот билікті күшпен басып алуға дайындалу туралы айыпты қайта саралады. Нәтижесінде Қамчыбек Ташиев және басқа да айыпталушылар сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтірді деген бап бойынша кінәлі деп танылды.
Екі жыл пробация жазасы Қамчыбек Ташиевке, бұрынғы бас прокурор Құрманқұл Зулушевке, парламенттің экс-спикері Нурланбек Тургунбек уулуна және тағы бірнеше сотталушыға тағайындалды.
«75 ісі» қалай басталды?
Бұл қылмыстық іс 75 саясаткер мен қоғам қайраткерінің Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа жолдаған үндеуінен кейін пайда болған. Олар елде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынған.
Үндеуден кейін көп ұзамай Қамчыбек Ташиев Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметінен алынды.
Бұған дейін, шілде айында, бірінші сатыдағы сот Ташиевті билікті күшпен басып алуға дайындалды деп танып, мүлкін тәркілеумен бірге төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Кейін бұл жаза пробацияға ауыстырылып, ол түрмеге қамалмаған.
2026 жылдың ақпанына дейін Қамчыбек Ташиев Қырғызстандағы ең ықпалды саясаткерлердің бірі әрі Садыр Жапаровтың жақын саяси серігі саналды. Алайда оның қызметтен кетуі және кейін қылмыстық істің қозғалуынан соң екі саясаткер арасындағы саяси байланыс үзілді.



