7-20-25 бағдарламасымен пәтер алғысы келетіндерге жаңа қауіп төнді
Желідегі жазбалардың бірінде «Банкте таныс бар, 1-2 миллион берсеңіз, қиналмай аласыз» деген ұсыныс жарияланған
Қазақстанда 7-20-25 бағдарламасымен баспана алғысы келетін азаматтарға кезекті ақшаға жылжытып, лимит алып беруге уәде беретіндер көбейген. Әлеуметтік желідегі кейбір хабарландыруларда мұндай «көмек» үшін 1,4 миллионнан 2,5 миллион теңгеге дейін сұралатыны жазылған, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Stan.kz-тің жазуынша, мысалы, желідегі жазбалардың бірінде «Банкте таныс бар, 1-2 миллион берсеңіз, қиналмай аласыз» деген ұсыныс жарияланған. Тағы бір қолданушы кезекті 1,4 миллион теңгеге жылжытып беретінін жазған.
Ал кейбір азаматтар 7-20-25 бағдарламасы бойынша лимит «алып беретін» немесе кезекті жылжытуға көмектесетін адамдарды іздеп жүргенін көрсеткен.
«Кемінде 1,5 миллион теңге сұрайды»
7-20-25 бағдарламасына қатысушы Батырхан Елеместің айтуынша, ипотекалық брокерлер арқылы кезекті жылжытып беруге қатысты ұсыныстар кездеседі. Оның өзінен де кезек үшін ақша сұрағандар болған.
Қазір ипотекалық брокерлерге барып, 7-20-25 бағдарламасымен пәтер алғым келеді, бірақ өз кезегімді күтетін уақытым жоқ десеңіз, қосымша қаражат үшін көмектескісі келетіндер табылады. Қосымша комиссия кемінде 1,5 миллион теңге. Менен де ақша сұрағандар болды, – дейді ол.
Батырхан Елемес мұндай жағдай бір адамның әрекетімен шектелмеуі мүмкін деп санайды. Оның пікірінше, егер кезекті заңсыз жылжыту фактілері рас болса, оған бірнеше адам қатысуы ықтимал.
Бұл жерде тек бір адамның ісі емес деп ойлаймын. Кезекті қадағалайтын банк қызметкері, оған рұқсат беретін басшы, клиент әкелетін ипотекалық брокер және басқа адамдар болуы мүмкін. Нақтысын анықтау үшін ашық тексеру жүргізу қажет, – дейді ол.
Оның сөзінше, кезек пен лимиттің қалай бөлінетіні туралы ақпарат барынша ашық болуы керек.
Ипотекалық брокер кезекті жылжыта ала ма?
Ипотека маманы Динара Бердалы азаматтарды кезекті ақшаға жылжытып беремін деген адамдарға сенбеуге шақырды.
Кезекті жылжытып беремін деп 2-2,5 миллион теңге сұрап жатқандар бар. Кезекті жылжытып береміз дегендерге сенбеңіздер. Бұрын “жанды кезек” деген болатын. Сол кезде банк менеджерлері мен ипотекалық брокерлер арқылы кезек сатылатын жағдайлар кездескен. Бірақ қазір бағдарлама автоматтандырылған, – дейді маман.
Оның айтуынша, ипотекалық брокер клиентке құжаттарын реттеуге, банк талаптарына дайындалуға, өтінім беруге және тұрғын үй таңдауға көмектесе алады. Алайда банк кезегін өзгерту немесе оны жеделдету брокердің өкілеттігіне жатпайды.
Сондықтан құжаттарды тексермей тұрып «100 пайыз өткізіп беремін» немесе «кезегіңізді жылжытып беремін» деген уәделер күмән тудыруы тиіс.
Банктер кезекті қалай қалыптастырады?
Halyk Bank мәліметінше, 7-20-25 бағдарламасындағы кезек өтініш берілген күн мен уақытқа қарай автоматты түрде қалыптасады. Банктің ресми тәртібінде кезектегі орынды өзгертуге немесе оны қолдан жылжытуға мүмкіндік қарастырылмаған.
Кезектің қаншалықты жылжитыны бағдарлама операторы – «Қазақстанның орнықтылық қоры» тарапынан банкке бөлінетін лимитке байланысты.
Halyk Bank клиенттері кезектегі орнын мобильді қосымшадағы «Кредиттер – Онлайн кезек» бөлімі арқылы бақылай алады.
Кезегі келген азаматқа кредит рәсімдеуге өтініш беру үшін 3 жұмыс күні беріледі. Осы мерзімде банкке жүгінбесе, кезегі жойылып, бұрынғы орны сақталмайды.
Bank CenterCredit те клиенттерге кезек нөмірін онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Банктің мәліметінше, шақыру келгеннен кейін кезек нөмірі 10 жұмыс күні жарамды. Сонымен бірге кезекке тіркелу банк несие беруге міндетті түрде келісім берді дегенді білдірмейді.
Freedom Bank-те де бағдарлама бойынша кезек күту қажет. Оның ұзақтығы банкке оператор бөлетін қаржыландыру көлеміне байланысты. Банк қарыз алушының депозитінде кемінде 1 миллион теңге болуын талап етеді және бұл соманы кезек келгенге дейін сақтауды ұсынады.
Осылайша, банктердің ресми түсіндірмесінде ақша төлеп кезекті жылжытуға немесе брокер арқылы лимитті кезектен тыс алуға мүмкіндік беретін тәртіп жоқ.

Ақша берсе, заң бұзыла ма?
Заңгер Қуат Ауғанбек кезекті ақшаға жылжытып беремін деген ұсыныстарға абай болуға шақырды.
«Ақша беріп, кезекті жылжыту – заң бұзушылық. Егер мұндай ұсынысқа тап болсаңыз, дәлелдерді сақтаңыз. Ақша аударымдары, хат алмасулар және басқа материалдар кейін құқық қорғау органдарына жүгінген кезде қажет болуы мүмкін», – дейді заңгер.
Сондықтан азаматтарға әлеуметтік желідегі белгісіз адамдарға ақша аудармай, мұндай ұсыныстың заңды негізін тексеру ұсынылады.
7-20-25 бағдарламасына сұраныс жоғары
7-20-25 бағдарламасына сұраныстың жоғары екенін Ұлттық банктің статистикасы да көрсетеді.
2026 жылғы 28 мамырдағы жағдай бойынша, бағдарлама аясында 85 312 қарыз берілген. Олардың жалпы сомасы 1,218 триллион теңгені құраған.
Осыған байланысты бағдарламаға қатысушылар үшін кезектің қалай қалыптасатыны және лимиттің қандай тәртіппен бөлінетіні маңызды.
Мамандардың айтуынша, «кезегіңізді жылжытып беремін», «лимит алып беремін» деген ұсыныстарға ақша төлемеген жөн. Егер күмәнді ұсыныс кездессе, хат-хабарды, төлем туралы ақпаратты және басқа да дәлелдерді сақтап, банкке немесе құқық қорғау органдарына жүгінуге болады.



