Тоқаев қазанда Қазақстан халқына Жолдау жасайды
Президент таяуда ғана Құрылтай сайлауы өткенін, жоғары заң шығарушы органға кәсіби, іскер, жаңашыл азаматтар кіргенін, олардың ішінде жастар да аз емес екенін атап өтті
Жаңашыл, жасампаз болу – көшпенділердің болмысына тән тұрмыс салты. Бұл туралы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Қыркүйек» пен «қыргүйек» дауы Ақордаға да жетті
Қазір еліміз тарихи өрлеу дәуіріне қадам басты. Біз біртұтас ел болып, аса ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырдық. Барша жұртымызға, әсіресе, өскелең ұрпаққа бағдар беретін Конституциямызды қабылдадық. Әділетті, күшті, озық, таза Қазақстанның берік негізін қаладық. Мұны ұлт тарихындағы нағыз бетбұрысты оқиға деп бағалауға болады. Конституция – халқымыздың темірқазығы, ел ішіндегі түбегейлі өзгерістерге тың серпін берген қастерлі құжат, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент таяуда ғана Құрылтай сайлауы өткенін, жоғары заң шығарушы органға кәсіби, іскер, жаңашыл азаматтар кіргенін, олардың ішінде жастар да аз емес екенін атап өтті.
Вице-Президент тағайындалды. Жаңартылған Үкімет жұмысына кірісті. Қауіпсіздік кеңесінің аппараты жасақталды. Көп ұзамай Қазақстан халқы кеңесінің құрамы бекітіледі. Құрылтайдың келісімімен Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері тағайындалады. Осылайша еліміздің негізгі мемлекеттік институттары толық жаңғыртылады. Бұл да ауқымды реформаларымыздың өте маңызды бөлігі. Ал қазан айында мен Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан халқына Жолдау жасап, алдағы жоспарымызды айқындаймын, – деді Мемлекет басшысы.



