Денсаулық

37 градус қызу, әлсіздік: Қазақстанда COVID-19 қайта өршіп жатыр ма

Threads әлеуметтік желісінде қазақстандықтар дене қызуының көтерілуі, әлсіздік және тұмауға ұқсас белгілерге шағымданып, түрлі пікірлер жариялаған

Қазақстанда белгісіз вирус тарап, COVID-19 қайта өршіп жатыр деген алаңдаушылық пайда болды. Бұған әлеуметтік желі қолданушыларының соңғы күндері тұмауға ұқсас белгілермен ауырып жатқанын жазуы себеп болған. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті түсініктеме берді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Threads әлеуметтік желісінде қазақстандықтар дене қызуының көтерілуі, әлсіздік және тұмауға ұқсас белгілерге шағымданып, түрлі пікірлер жариялаған. Кейбір қолданушылар мұны COVID-19-дың қайта таралуымен байланыстырған.

Алайда Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда бұрын белгісіз болған жаңа вирус анықталған жоқ.

Ведомство қыркүйек айының басынан бастап елде күзгі-қысқы маусымға дайындық аясында ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша тұрақты эпидемиологиялық мониторинг жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Мамандардың айтуынша, ауа райының күрт өзгеруі де тыныс жолдарының вирустық инфекцияларының таралуына әсер етуі мүмкін. Ал ауру белгілеріне қарап қана адамның нақты қандай вирус жұқтырғанын анықтау мүмкін емес.

«Қазіргі уақытта бұрын белгісіз болған жаңа вирустар анықталған жоқ. Сонымен қатар тек белгілеріне қарап, нақты қай вирус жұққанын анықтау мүмкін емес. Сондықтан ауру белгілері байқалған жағдайда өз бетінше ем қабылдамай, медициналық ұйымға барып, дәрігердің тексеруінен өтіп, маманның тиісті ұсынымдарын алған жөн», – деп мәлімдеді комитет.

Мамандар вирустық инфекциялардың алдын алу үшін бөлмелерді жиі желдетіп, қол гигиенасын сақтауға және ауру белгілері бар адамдармен тығыз байланыстан аулақ болуға кеңес берді. Қажет болған жағдайда адам көп жиналатын орындарда бетперде таққан дұрыс.

Сондай-ақ ЖРВИ белгілері байқалған жағдайда мүмкіндігінше үйде қалып, өзгелерге инфекция жұқтыру қаупін азайту ұсынылады.

Дәрігерлер дене қызуы жоғарылап, қатты әлсіздік байқалса, тыныс алу қиындаса немесе адамның жалпы жағдайы нашарласа, медициналық көмекке дер кезінде жүгіну қажет екенін ескертті.

Яғни әлеуметтік желідегі жазбалар Қазақстанда жаңа вирус пайда болғанын немесе COVID-19 қайта өршігенін білдірмейді. Елдегі эпидемиологиялық жағдай мамандардың тұрақты бақылауында.

Басқа жаңалықтар

Back to top button