“Келесі соққы әлдеқайда ауыр болады!”: Трамп Иранды ядролық келісім жасауға шақырды
Ол АҚШ-тың көптеген әскери кемесінен тұратын алып армада Иран бағытында қозғалып бара жатқанын мәлімдеді

АҚШ Президенті Дональд Трамп Иранды ядролық келісім жасауға шақырып, қарсы болған жағдайда бұрынғыдан да ауқымды әскери соққы жасалатынын ескертті. Ол америкалық әскери кемелер Иранға қарай бет алғанын айтты, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Иран көсемі Трамптың қоқан-лоққысынан кейін арнайы бункерге тығылды
Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында АҚШ-тың көптеген әскери кемесінен тұратын алып армада Иран бағытында қозғалып бара жатқанын мәлімдеді.
Иран тез арада келіссөз үстеліне отырып, әділ әрі тең құқықты келісімге келеді деп үміттенемін. Ядролық қарусыз, барлық тарапқа тиімді келісім. Уақыт таяп барады, бұл шынымен де шешуші сәт. Келесі соққы әлдеқайда ауыр болады! – деп жазды ол.
АҚШ Президентінің айтуынша, армадаға жетекшілік ететін USS Abraham Lincoln авианосцы қажет болған жағдайда күш қолдануға дайын. 2025 жылғы 21 маусымда АҚШ Иранның үш ең ірі ядролық нысанына – Фордо, Натанз және Исфахандағы уран байыту зауыттарына соққы берген еді.
Сол кезде Трамп Иранды “терроризмнің басты демеушісі” деп атап, оның тарапынан төнген ядролық қауіп жойылғанын мәлімдеген.
Фото: Mike Segar/Reuters



