Биыл жанармай бағасы 450 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін
2027 жылы ЕАЭО аясында ортақ энергия ресурстары нарығын құру жоспарланған

Қазақстанда жанар-жағармай бағасының өсуіне қатысты болжамдар көбейді. Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Жания Сәндібай бағаның күрт өсуіне не себеп болатынын және жүргізушілерді алда не күтіп тұрғанын талдады, деп хабарлайды NewsMedia.kz Todayinfo-ға сілтеме жасап.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Халық несиеге өмір сүріп жатыр: Қазақстанда соңғы 5 жылда баға 75%-ға өскен
Сарапшының айтуынша, 2025 жылдың қазанынан бастап АИ-92 жанармай мен дизель отынының бағасын көтеруге уақытша мораторий енгізілген, ол 2026 жылдың көктеміне дейін созылады. Қазіргі таңда АИ-92 маркалы бензиннің орташа бағасы былтырдан бері өзгеріссіз, шамамен литріне 239 теңге деңгейінде, ал дизель отыны 335 теңгеден сатылып жатыр.
Алайда премиум маркалы жанар-жағармай бағасы өскен. Мысалы, АИ-95 құны 298-ден 315 теңгеге, ал АИ-98 325-тен 365 теңгеге дейін қымбаттады. Бұл АИ-92 бағасын ұстап тұрудан келетін шығынды өтеу үшін жасалған қадам.
Мораторий – бұл нарықтық шара емес, инфляцияға қарсы қабылданған амал. Шектеу алынғаннан кейін нарық «жіберіп алғанын қуып жетуге» тырысады. Бағаның біртіндеп емес, күрт өсетіні де сондықтан, — дейді қаржыгер.
Белгіленген төмен бағалар қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын (МӨЗ) жаңғыртуды тежеп, бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан төртінші зауыттың құрылысын сұрақ астында қалдырып отыр. Елдегі үш ірі МӨЗ толық қуатында жұмыс істегеннің өзінде, Қазақстан егіс және орақ науқаны сияқты маусымдық кезеңдерде бензин мен дизель тапшылығына жиі ұшырайды.
Оның үстіне, 2027 жылы ЕАЭО аясында ортақ энергия ресурстары нарығын құру жоспарланған. Бұл Қазақстанды жанар-жағармай бағасын Ресей және басқа да көрші елдермен теңестіруге мәжбүрлейді.
Сондықтан 2026 жылы ЖЖМ бағасы өседі деп санаймын. Менің болжамым бойынша, АИ-92 бағасы 270-330 теңгеге, АИ-95 – 340-400 теңгеге, ал АИ-98 литріне 380-450 теңгеге дейін жетуі мүмкін, — деп болжайды Жания Сәндібай.
Сарапшы бизнес өкілдеріне қаржылық модельдерін жоспарлағанда, ЖЖМ құнының өсімін ресми инфляциядан 15-20% жоғары деңгейде есептеуге кеңес береді. Яғни, егер инфляция шамамен 10% болса, болжамды өсімді 25-30% деңгейінде қарастырған жөн.
Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков



