Қосшыда жаттығу барысында қыз бала қайтыс болды
Қазіргі уақытта өлімнің нақты себебі белгісіз

Қайғылы оқиға 29 қаңтар күні Қосшы қаласындағы спорттық кешендердің бірінде болған. Жаттығу барысында 10 жастағы қыз баланың жағдайы кенеттен нашарлаған. Ол жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін көз жұмған, деп хабарлайды NewsMedia.kz Centralmedia24-ке сілтеме жасап.
Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел жәрдем қызметіне алғашқы шақырту сағат 16:18-де түскен. Балада жарақат, дене қызуының көтерілуі немесе құрысу белгілері болмағандықтан, шақырту 4-санаттағы жеделдік деңгейіне жатқызылған.
Алайда біраз уақыттан кейін науқастың жағдайы күрт нашарлағаны туралы қайта хабар түскен. Осыған байланысты шақырту 2-санаттағы жеделдік деңгейіне ауыстырылған.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, баланың анасының айтуына қарағанда, ол бронхиалды астма дертімен ауырған. Жедел жәрдем бригадасы келген кезде анасы мен әпкесі қыз баланы жедел жәрдем көлігіне көтеріп жеткізген. Оқиға орнында жедел жәрдем қызметкерлері реанимациялық іс-шаралар жүргізген.
Соған қарамастан, дәрігерлер баланың биологиялық өлімі жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін тіркелгенін атап өтті. Қазіргі уақытта өлімнің нақты себебі белгісіз.
Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Фото: Centralmedia24



