Басты жаңалықЭкономика

Таяу Шығыстағы қақтығыс: ұшақ билеттері қымбаттауы мүмкін

Әуе отыны авиакомпаниялардың негізгі шығындарының бірі саналады

Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің күшеюі әуе тасымалы саласына да әсер етуі ықтимал. Сарапшылардың пікірінше, мұнай бағасының өсуі салдарынан алдағы уақытта ұшақ билеттері шамамен 15 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды NewsMedia.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Трамп Иранға қарсы әскери операция қандай жағдайда аяқталуы мүмкін екенін айтты

Авиация саласының сарапшысы, «Қызыл-Жар» әуежайының басшысы Абыл Кекілбаев әлеуметтік желідегі жазбасында қазіргі халықаралық жағдай әуе тасымалының өзіндік құнына тікелей әсер ететінін атап өтті.

Оның айтуынша, мұнай бағасының барреліне 65 доллардан 90 долларға дейін көтерілуі авиациялық отынның қымбаттауына әкеледі. Ал әуе отыны авиакомпаниялардың негізгі шығындарының бірі саналады. Кейбір есептерге сәйкес, ол жалпы шығындардың шамамен 40 пайызына дейін жетеді.

Отын бағасының осылайша өсуі әуе тасымалының жалпы өзіндік құнын орта есеппен 13–15 пайызға арттыруы мүмкін, – дейді сарапшы.

Бұдан бөлек, Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты кейбір әуе кеңістіктерінің жабылуы немесе шектелуі де авиакомпанияларға қосымша шығын әкелуі ықтимал. Мұндай жағдайда ұшақтар балама бағыттарды пайдалануға мәжбүр болады, ал бұл өз кезегінде ұшу қашықтығын ұзартып, отын шығынын арттырады.

Сарапшылардың айтуынша, қалыптасқан жағдайда авиакомпаниялар шығынның бір бөлігін операциялық тиімділікті арттыру арқылы жабуға тырысқанымен, белгілі бір үлесі билет бағасына немесе отын алымдарына қосылуы мүмкін.

Осылайша, әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделенуі тек саяси немесе экономикалық салаға ғана емес, күнделікті өмірдегі қызметтердің бағасына да әсер етіп отыр.

Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Басқа жаңалықтар

Back to top button