ӘлемБасты жаңалық

Иран Украинаға ескерту жасады: Киев не деп жауап берді

Киев бұл мәлімдемеге жауап ретінде Тегеранның Ресейге Украинаға қарсы соғыста көрсеткен көмегін еске салды

Иран Парламентінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комиссиясының төрағасы Ибрагим Азизи Украина Израильге ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы қолдау көрсетіп, іс жүзінде соғысқа тартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды NewsMedia.

Азизи бұл туралы 14 наурыз күні Х әлеуметтік желісінде жазған. Оның айтуынша, мұндай әрекет Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 51-бабына сәйкес Украинаның аумағын Иран үшін «заңды нысанаға» айналдыруы мүмкін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Трамп Иранға қарсы әскери операция қандай жағдайда аяқталуы мүмкін екенін айтты

Израиль режиміне ұшқышсыз аппараттар арқылы қолдау көрсету арқылы сәтсіздікке ұшыраған Украина іс жүзінде соғысқа тартылды және БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес өз аумағын түгелдей Иран үшін заңды нысанаға айналдырды, – деп жазды ол.

Ал Киев бұл мәлімдемеге жауап ретінде Тегеранның Ресейге Украинаға қарсы соғыста көрсеткен көмегін еске салды. Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесіне қарасты Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығының басшысы Андрей Коваленконың айтуынша, Иран 2022 жылы Ресейге «Шахед» үлгісіндегі дрондарды берген.

Басылым мәліметінше, Ресейдің жақын одақтасы саналатын Иран Украинадағы соғыс басталғалы бері Мәскеуге мыңдаған ұшқышсыз аппарат жеткізген. Кейін Ресей оларды жетілдіріп, өз өндірісін де іске қосқан.

DW дерегіне сәйкес, қазіргі уақытта Украинада ұшқышсыз ұшу аппараттарын тосып алу көрсеткіші шамамен 80 пайызды құрайды.

Сондай-ақ АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери іс-қимылдары және Тегеранның Парсы шығанағы аймағындағы әрекеттері жалғасып жатқан тұста 11 мемлекет Киевтен «Шахед» дрондарына қарсы күресте көмек сұраған. Бұл туралы бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеген.

Оның сөзінше, өңірге украиналық дрондарды тосқауылдау жүйелері мен ұшқышсыз аппараттар бойынша сарапшылар жіберілуі мүмкін.

Фото: Sobhan Farajvan/Pacific Press/picture alliance

Басқа жаңалықтар

Back to top button