Қазақстанда 2 және 5 пайыздық ипотека кімдерге беріледі: Жаңа талаптар күшіне енеді
Ипотека рәсімдегенде қандай табыс есепке алынады?
Қазақстанда жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға қатыса алатын азаматтарға қойылатын талаптар нақтыланды. 14 қыркүйектен бастап тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру қағидаларына енгізілген бірқатар өзгеріс қолданысқа енеді, деп жазады NewsMedia.kz тілшісі.
Жаңа тәртіп бойынша жылдық 2 пайыздық ипотекаға кезекте тұрған азаматтардың нақты санаттары ғана үміткер бола алады.
Олардың қатарында:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
- жеңілдіктері бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтар;
- басқа мемлекеттер аумағындағы әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер;
- жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
- мүгедектігі бар балалар тәрбиелеп отырған немесе асырап отырған отбасылар;
- жесірлер;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр ана» атағын алған әйелдер, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар және көпбалалы отбасылар бар.
Бұл санаттарға арналған «2-10-20» бағдарламасы жылдық 2 пайыздық мөлшерлемені, бастапқы жарнаның 10 пайызын және 20 жылға дейінгі несие мерзімін қарастырады.
Бұған дейін қағидаларда тұрғын үй кезегінде тұрған және отбасының әр мүшесіне шаққандағы соңғы алты айдағы табысы бес күнкөріс минимумынан аспайтын азаматтар 2 пайыздық ипотекаға үміткер бола алатыны көрсетілген еді. Жаңа редакцияда талап нақты санаттарға байланыстырылып отыр.
5 пайыздық ипотекаға кімдер өтініш бере алады?
«5-10-20» бағдарламасы бойынша тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтардың барлығы жеңілдетілген несиеге үміткер бола алады.
Бұл ретте жаңа талаптарда отбасы табысының белгілі бір шектен аспауына қатысты бұрынғы талап алынып тасталған.
Яғни тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін 5 пайыздық ипотекаға қатысу кезінде табыс көлеміне байланысты шектеу болмайды.
Ипотека рәсімдегенде қандай табыс есепке алынады?
«2-10-20», «5-10-20» және «7-20-25» бағдарламалары бойынша несие беру кезінде кезекте тұрған азаматтың және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан аумағында еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен тапқан табысы ескеріледі.
Бұған дейін жалақы, сыйақы, үстемеақы және басқа да төлемдер жеке-жеке көрсетіліп, әлеуметтік және зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік шәкіртақылар табыс құрамына енгізілмейтіні жазылған болатын. Жаңа редакцияда бұл нақтылау нормалары өзгертілді.
Айта кетейік, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу жұмыстары қазір Отбасы банкіне берілген. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар өз деректерін жаңарту үшін инвентаризациядан өтуі қажет.
Жаңа талаптар жеңілдетілген ипотекаға кімдердің қол жеткізе алатынын өзгертеді. Сондықтан тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 14 қыркүйектен бастап күшіне енетін талаптарға назар аударған жөн.
Алма БЕЙСЕН



