«Матушка земля»: Қостанайдағы колледжде Білім күнінде ресейлік патриоттық ән орындалған
Желіде колледж басшылығын, облыстық әкімдік, Білім басқармасынан жауап талап етіп, мұндай бассыздыққа жол бергендерді жазалау қажет деген пікірлер көбейіп жатыр
Әлеуметтік желіде Қостанайдағы колледждердің бірінде Білім күніне арналған іс-шарада ресейлік «Матушка земля» деген ән орындалғаны туралы видео тарап, көпшіліктің ашу-ызасын туғызып жатыр, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Бұл туралы белгілі журналист Ғанибет Ғалымбекұлы facebook-парақшасында жазды.
Журналист жазбасы
Бұл не деген бассыздық?! Қостанайдағы колледжде «Матушка земля» әнін орындап жатыр.
Олар Ресейде жүр ме? Әлде Қостанай Ресейдің губерниясы болып кеткен бе?
Қостанайда сепаратистер шектен шығып барады! Қостанай облысын Ресейдің бір бөлігі деп санайтын сияқты.
Әкімдік пен полиция қайда қарап отыр?
Қостанай облысының әкімдігі, Қостанай облысының Білім басқармасы, колледжде не болып жатыр?! Мынау масқара ғой!.. – деп жазды ол.
Желі оқырмандары не дейді?
Threds желісінде колледж басшылығын, облыстық әкімдіктен, Білім басқармасынан жауап талап етіп, мұндай бассыздыққа жол бергендерді жазалау қажет деген пікірлер көбейіп жатыр. Солардың бірқатарына кезек берсек:
“Бұл — таза арандатушылық. Колледжді жабып, лицензиясынан айыру керек. Директорға өмір бойы педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салынуы тиіс”, “Қостанай, ұят! Қайда қарап отырсыздар? Соғыс пен адамдардың өлімін насихаттағаны үшін бәрін жұмыстан шығару керек. «Чемодан, вокзал, Рашка» деп ән айтатын қызды да жауапкершілікке тарту қажет”, “Оқиға Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжінде болды. Қоғам алдында жария түрде кешірім сұрауды күтеміз!”, “Біз бір жолы қала орталығындағы қандай да бір мерекеде қыдырып жүргенбіз, сол жерде осы ән ойнап тұрды. Сол кезде күйеуім екеуміз бір-бірімізге қарап қалдық”, “Сұмдық. Әкімдік, Білім басқармасы және осы мекеменің басшылығы қайда қарап отыр??? Барынша қатаң жазалау керек!!!”, “Бұл масқара, нағыз бассыздық! Бұл — нағыз сепаратизм. Қала прокуратурасы мен ІІМ қайда қарап отыр? Директорды шұғыл түрде жауапкершілікке тарту керек. Ол жерде «Рашканың» әнұраны шырқалса да таңғалмаймын”, – деп жазып жатыр желі қолданушылары.


P.S. NewsMedia.kz редакциясы облыстық Білім басқармасынан осы оқиғаға қатысты сұрау салды. Әзірге жауап келген жоқ. Басқармадан жауап келген бойда оны жариялайтын боламыз.
Алма БЕЙСЕН



