Қауіпсіздік кеңесінің жұмыс тәртібі айқындалды: Балаева немен айналысады
Енді Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппараты жаһандық қауіп-қатерлерді, ел ішіндегі өзекті мәселелер мен ықтимал тәуекелдерді жан-жақты талдауға жауап береді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппаратының жұмыс тәртібін айқындайтын Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Құжатқа сәйкес, Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппараты туралы жаңа ереже бекітіліп, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы орынбасарының өкілеттіктері нақтыланды.
Енді Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппараты жаһандық қауіп-қатерлерді, ел ішіндегі өзекті мәселелер мен ықтимал тәуекелдерді жан-жақты талдауға жауап береді.
Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Кеңес төрағасының тапсырмалары мен актілерінің, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі қабылдаған шешімдердің толық орындалуын қадағалайды.
Оның міндетіне:
- ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
- елдің қорғаныс қабілетін күшейту;
- заң мен тәртіпті сақтау бағытында жұмыс істейтін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың іс-қимылын үйлестіру де кіреді.
Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары ақпараттық және киберқауіпсіздікке, жасанды интеллектіні қолдануға, дербес деректерді қорғауға, сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы күреске және азаматтық қорғаныс мәселелеріне жауап береді.
Ол осы салалардағы мемлекеттік органдардың жұмысын өзара үйлестіріп, халықаралық байланыстарды жолға қояды және Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының қызметін ұйымдастырады.
Ал Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты енді дербес мемлекеттік орган ретінде жұмыс істейді. Ол Президентке тікелей бағынады әрі есеп береді.
Аппараттың негізгі міндеті – ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлерді бақылауды күшейту, мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз ету және Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдерінің орындалуына институционалдық қолдау көрсету.
Бұл шаралар Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, конституциялық құрылысын және халықаралық деңгейдегі ұлттық мүдделерін қорғауға бағытталған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Аида Балаеваның Қауісіздік кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалғанын жазған болатынбыз.



